"Маған тиісе бермесін": Төреғали Төреәлі Ішкі істер министріне ескерту жасады
Танымал әнші Төреғали Төреәлі “Қазақстан полициясы күні" мерекесімен ерекше құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/toregalitoreali
Ол тәртіп сақшыларына арналған су жаңа әнінің тұсауын кесіп, көрерменге ұсынды.
“Құрметті, ішкі істер органдарының ардагерлері, тәртіп сақшылары, ішкі істер органдарының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз! Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!”, – деп жазды өнер иесі.
Сонымен қатар мерекеге орай ұйымдастырылған кеште эстрада жұлдызы өнер көрсетіп, үндеу жасады. Өйткені жиынға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те қатысқан еді.
“Мені танып тұрсыздар ма? Мен де сіздерді жақсы көріп, біліп тұрмын. Құрметті Ержан аға, сізбен осындай керемет жерде көрісіп тұрғаныма қуаныштымын. Маған тиісе бермесін, мына кісілерге айтып қойсаңыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!” – деп әзілдеді әнші.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде полицияға ұсталған еді. Кейінірек әнші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Бірақ әншінің адвокаты оның ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Кейін бұл жағдайға өнердегі әріптестері пікір білдірген еді.