Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақтамаймын": Төреғали Төреәлінің өнердегі әріптестері даулы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Заң бұзып, қамауға алынған Төреғали Төреәлінің дауы әншінің өнердегі әріптестерін де бейжай қалдырмады. Болған оқиғаға қатысты Тоқтар Серіков, Бағлан Әбдрайымов, Нұрболат Абдуллин сынды әншілер өз ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

©instagram.com/toregalitoreali/toktar_beibit/baglan_abdraimov_official/nurbullin

Әнші Тоқтар Серіков інісінің заң алдында жауап беретінін айтты. Алайда ол тәртіп сақшыларының қатігездігін айтып, қапаланғанын жасырмады.

“Айналайын ағайын, кеше тағы үлкен дау шығып, Төреғали бауырымыз шулатты. Мен жақтамаймын бауырымды. Кінәлі етіп тапса, заң біледі арғы жағын. Бірақ полиция қызметкерлеріне таң қалдым. Бір азаматқа бәрі жабылып, құдды бір ауыр қылмыскерді ұстағандай белсенді жүр. Тас жолға тізесімен басын жаншып, бар салмағын салып, езіп тұтқындап жатыр. Кімді байлап, кімді сабап жатыр? Өз бауырын. Не деген тас жүрек едіңдер, жігіттер?! Ол аздай сырттан бір бауырлар телефондарын жалаңдатып түсіріп үлгеріп жатыр. Масқаралағанға мәз болып жүр жарандар. Малды да олай қорламайды ғой, бауырлар. Оның қасында адасса да адам ғой, басқа жолы бар шығар? Бүгін инста жаңалығына жарыса салып жатыр бір қазақтың жаншылып езіліп жатқанын. Заң заңымен, бірақ бұлай қорлауға, таптауға болмайды.Өзімізді өзіміз итше таласақ онда құрығанымыз. Бұл бүгінгі жасаған ерліктерің шығар, ертең уақыт сағаты келгенде ұялатын боласыңдар. Осы жабылып жүрген азаматтардың бала-шағасы Төреғалидың әнін жатқа айтатына мен сенімдімін. Өкінішті… Төреғали бауырым еліңе ренжіме. Еркелігіңді көтеретін ел қалмапты. Мықты бол, бауырым”, – деп жазды Тоқтар Серіков.

 

Жігіттер тобының әншісі Бағлан Әбдрайымов та даулы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

“Ол – менің өнердегі інім. Жасағаны өз қателігі. Заң бәріне ортақ. Ең бастысы өз қателігенен өзгеге зиян тигезбегені болып тұр. Біреуді майып қып қойса, кісі қағып кетсе, өмір бойы жанын жер өкініш болар еді. Өмірдің өз мектебі бар, содан сабақ алу үшін біз осылай қателіктер жасаймыз. Басы аман болсын, ата - анасына сабыр тілеймін”, – дейді өнер иесі.

Әнші Нұрболат Абдуллин де әлеуметтік желідегі парақшасында Төреғалиге жазба арнады.

“Тұзың жеңіл, Төреш! Өртті өзің ұмыттырдың. Өзіңе назар аудартқыздың. Ол да ерлік. Ешкім өлген жоқ. Өзің де аман бол! Жақсылық көрсең өзіңен,жамандық көрсең өзіңнен”, – деп жазды Нұрболат Абдуллин.

 

Айта кетейік, Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде полицияға ұсталған болатын. Кейінірек әнші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Мөлдір Әуелбекова да әріптесінің бұл әрекетін ақтай алмайтынын айтқан болатын. 

 

Талқылау