Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған енді ешкім сенбейді": Тұрсынбек Қабатов атышулы іске қатысты жауап берді (видео)

Тұрсынбек Қабатов қызының қатысуымен болған оқиғаға түсініктеме берді. Әзілкеш қызының заң бұзушылыққа не себепті барғанын, бұл істе кімнің кінәсі болғанын түсіндіріп берді. 

Тұрсынбек Қабатов: Дәл осындай сынақ бергені үшін Аллаға сансыз шүкіршілік айтам

Әзілкештің айтуынша, Нұрбек есімді репетитор азамат Қабатовтың қызын өз айтқанындай жасауға көндірген. Өзі аудиторияда алдын ала құжаттарды қойып шығып, қылмысқа баруға итермелеген. 

“Армысыздар құрметті Отандастар! Кешелі бері қызу талқыланып жатқан  келеңсіз оқиғаның шын мәнісінде қалай болғаны туралы түсіндіре кеткенді жөн санадым. Ата-ана ретінде бұл оқиға бізге де өте ауыр тиіп отыр. Қолдау білдіріп жатқан жандарға зор рахмет”, – деп жазды Қабатовтың жары Мөлдір Мұқанова.

Қабатов қызының репетиторымен телефон арқылы сөйлесіп, бұл сәтті желіде жариялады. 

“Нұрбек, мен сені өмірде көрмеген де адаммын. Сені бұл тірлігің не? Сен не үшін кәмелет жасқа толмаған қызды заң бұзушылық әрекет жасауға көндірдің? Не үшін біз ата-анасы ол туралы білмейміз? Маған оның жоғары балл алғаны керек емес еді. Мен қызымды шетелге оқуға түсірейін деп жүрген адаммын. Маған грант керек болып жүрген жоқ. Сен оның менің қызым екенін біле тұра неге ондай қылмысқа бардың? Менің абыройымды түсіріп тұрсың. Маған халық енді сенбейді. Өтірік айтып тұр деп ойлайды. Мен сол істің басы-қасында жүр деп ойлайды. Қызым өмірі енді басталған шақта бандит секілді айыптап жатыр. Маған бірауыз айтса, мен бірден қарсы болар едім. Қызымның ойлануға да шамасы болмаған. Тақалған сәтте басқа қызды кіргізуге көндіріп тұрсың”, – деді әзілкеш. 

Қабатов қызының суреті мен жеке құжаттарын жария еткен заңгер Абзал Құспанның әрекетін заңсыздыққа балады. 

“Абзал Құспанның жасап отырғаны дұрыс па? Неге ол кәмілетке толмаған қызды жария етеді. Ол қазір елге қарай алмай қалды. Қызым шок алып қалды. Біз ата-анасы қасында болмасақ, оған бірнәрсе болса кім жауап берер еді?”, – дейді Қабатов. 



Репетитор Нұрбек өткен іске өкініш білдіріп, кешірім сұрады. 

“Мен қызыңыз жоғары балл алып кетсе, қуанса, сіздерді қуантса деп қана ойладым. Айып етпеңіз, кешірім сұраймын. Бәрі менің кінәм. Бұлай болады деп ойламадым. Мен тергеуде осылай жауап беріп жатырмын. Бұл менің кінәм. Халықтан кешірім сұраймын”, – деп ақталды ол. 

“Маған енді ел сенбейді. Өтірік ақталып жатыр деп ойлайды. Маған бұл тесттің де, гранттың да керегі жоқ. Неге соны түсінбейсің? Мен бұл әңгімені желіге жариялаймын. Сені сотқа берейін деп тұрған жоқпын. Сенің де ата-анаң бар. Бәріміз қателесеміз. Бірақ бұл үлкен қателік болды”, – деді әзілкеш. 

Айта кетейік, Қабатов қызының орнына ҰБТ тапсыруға өзге қызды кіргізді деген ақпарат тарады. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. 

Талқылау