Мәдина Сәдуақасова: "Сүйген жүрек" әнін бірнеше рет орындап, 21 мың доллар таптым
Мәдина Сәдуақасова өміріндегі ең үлкен гонорар, ең ерекше және қымбат сыйлық жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі НТК арнасының Taboo бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдинаның репертуарындағы ең танымал әндердің бірі – "Сүйген жүрек". Әншінің екінші тынысын ашқан осы ән десек, қателеспейміз. Сәдуақасоваға қомақты қаржы алып келген де осы туынды болып шықты.
"2006 жылы Жаңа жылдық корпоративте бірнеше рет айттым. "Айта берем ба? 7-8 рет орындадым" десем: "Айта беріңіз, ақшасын төлейді", – деді. Сол кезде Астанадан 1 бөлмелі үй сатып алатындай гонорар берді.
21 мың доллар тауып, сол пәтерді алдым", – деп ағынан жарылды Мәдина.
Десе де, әнші тегін өнер көрсеткен кездері болғанын да жасырмайды. Айтуынша, әріптестерінің қуанышына шын көңілмен барады. Ақы алмайды. Сондай-ақ: "Кейде бір кісілерге тосынсый жасап барамыз. Қайырымдылық болады. Ол ақша келеді, ең бастысы адамның көңілі. Өмірде жолың болмай қалған сәттер болса, "біреуді ренжіттім ба?" деп ойлану керек. Негізі адам баласын ренжітпеймін, барлығымен жұмсақ сөйлесуге тырысамын.
Әжем "біреудің көңілін қалдырсаң, өмір бойы бір жерден жолың жабық тұрады" деп айтатын", – деді әжесінің қолында тәрбиеленген әнші.
Сондай-ақ Сәдуақасова өміріндегі ең ерекше сыйлықты Моңғолияда алғанын атап өтті. Жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, моңғолша ән айтқан Мәдинаға бір тігінші риза болып, концерт үстінде сый жасаған.
"Жүрегіне қатты өтіпті. Улан-Батордағы концертке 1,5 күн қалған. Ол кісі үлгеріп, бас киіммен, шапанмен, ұлттық киім кигізді", – дейді Мәдина.
Ал өміріндегі ең қымбат сый жайлы өнер иесі былай деді:
"Бір кісі сәйгүлік сыйлады. Үйіме келіп, хабарласып, "терезеге қарасаңыз, сыйлығыңыз тұр" деді. Орбитада тұрып жатқанмын. Қарасам, жылқы тұр. Не істейтінімді білмей, сатып жібердім. Өте асыл тұқымды, қымбат жылқы еді. Таныстарымның бірі көріп, бірден "аламын" деді", – дейді Сәдуақасова.