Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ломтадзе мен Өтемұратовтан бастап, Құлыбаев пен Рақышевқа дейін: Forbes тізіміндегілердің қайсысы су басқан өңірлерге көмек береді

Қазақстан үкіметі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмектесетін Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерді атады. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 18-ге жуық ірі компания мен кәсіпкерлер республиканың ең көп зардап шеккен алты аймағына бекітілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі kursiv.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Stan.kz коллажы

Қанат Бозымбаевтың сөзінше, су тасқыны болған өңірлерге демеушілік көмек көрсететін бизнес өкілдері тізім бойынша бекітілген.

"Ақмола облысы бойынша су тасқынының салдарын жою үшін Integra Construction және RG Gold сияқты ірі бизнес өкілдері демеушілік көмек көрсетеді. Ақтөбе облысы бойынша "Болат Өтемұратов қоры", “BI Group" АҚ және "ERG" компаниялар тобы" өңір үшін демеушілік көмек бөлуді жоспарлап отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша "Астана моторс" компаниялар тобы, "BI Group" АҚ, "Jusan" банк, "Банк Центр кредит" АҚ, "ҚазАзот" ЖШС, КПО демеу көрсететін болады. Қостанай облысы бойынша "ADD Capital", "ERG", "Аллюр" және "АгромашХолдинг", "Базис-А", сондай-ақ "RG Brands" компаниялары", – деді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бөлек үкімет басшысының орынбасары Солтүстік Қазақстан облысына "Қазақмыс" корпорациясы, "Каспи.КЗ", "KAZ Minerals" тобы демеушілік көмек беретінін тілге тиек етті.


“Қазіргі уақытта Атырау облысыдағы су тасқыны салдарын жоюға Тимур Құлыбаевтың және Кеңес Рақышевтің бір топ компаниясы көмек көрсететін болады”, – деді Қанат Бозымбаев.

Еске салсақ, 16 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездескен еді. Мемлекет басшысы кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

Президент сол қысылтаяң уақытта елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар екенін және олармен арнайы кездесіп, әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітілетіні туралы айтқан еді. Тоқаевтың пікірінше, олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. 

Еске салсақ, су тасқынына көмек ретінде компаниялар мен қайырымдылық қорлары қанша қаржы бөлетінін осыған дейін жариялаған едік.

Талқылау