Лайкпен бағаланатын онлайн байқаулар шын талантты анықтай ала ма?

Қазір желіде сахнаны смартфон алмастырған додалар жиі өтіп жатыр. Бәленшенің ұлына лүпіл басып, түгеншенің қызына коммент қалдырыңдаршы деп өтініш айтып, артынан конкурстардың сілтемесін жіберетіндер көп. Алайда мұндай бәйгелерде бақ сынап жүрген шын таланттар тасада қалып жүрген жоқ па? Лүпіл мен пікір саны кіл мықтыны анықтай ала ма?

Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Нұрлан - ұлы ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған онлайн конкурстың жеңімпазы.

"Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуіне қатысып, өз үлесімді қостым деп есептеймін. Өйткені, Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жастар арасында насихаттауға мүмкіндік алдым", - деді жеңімпаз.

Байқау жеңімпаздары лүпіл мен пікір саны арқылы анықталыпты. Шарты қарапайым. Лайкты неғұрлым көп жинасаң, жеңіске де соғұрлым лайықты болып таңыласын. Қысқасы, сайысты тек танысы көптер жеңе ме деген ойға қаласың.

"Өкінішке қарай, ол жерде мен жеңіліп қалдым. Ол жерде менің жеңіліп қалған себебім: ол жерде адамдардың көп болуы, менен жасы үлкен кісілердің болуы", - деді Назгүл Байназар.

Дегенмен сайыстан жеңілсе де, Назгүл назын жеткізбеді, жарыс әділ өткенге сенімді.

"Әрине, талантымыз лайкпен бағаланғаны мені үшін іштей қынжылтады. Бірақ, қазіргі уақытта оған да көнуге тырысып жатырмыз. Халық айтса, қалып айтпайды демекші, халықтың көңілінен шығып жатсақ, ол үлкен жеңіс деп ойлаймын", - деді Нұрлан Сүлейменов.

"Байқаудың қорытындысы бойынша 7 қатысушымыз жүлдегер және жеңімпаз атанып, әрқайсысы алдағы уақытта қаржылай сертификаттармен марапатталатын болады", - деді Приозерск қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Ұлан Алмас. 

Алайда желідегі онлайн сайыстардың әділдігіне халық сыни көзбен қарайды.

"Менің ойымша дұрыс емес.Өйткені Инстаграм - таланттың көрсеткіші емес", "Енді ол қанша дегенмен, лайк болсын, ол адамға тіркелсе де, барлығы енді адамның еңбегі ғой, оқырмандардың еңбегі", "Дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бір "кнопка" үшін бағалау дұрыс емес қой", - деді олар. 

Ал білетіндер лайк пен комментарий кіл мықтыны анықтайтын көрсеткіш емес дейді.

"Қай жағынан алсақ та, мұғалімдер де, мына әншілер де, бәрі қазір лайкпен ғана жеңімпаз атанып жатыр. Ол лайкпен көргенімен, жаңағы адамның кездесіп көрмегендіктен, бет- жүзін көріп, мимикасын көрмегендіктен, біз бұлай желісі арқылы ғана көріп жатамыз", - деді психолог Юсупбе Мұсабаев.

Осы ретте, онлайн сайыстарға қатысатындардың дені балалар екенін де ескере кеткен жөн.

"Егер де лайк қойылмай қалса, 1-2 дизлайк болса, адамдар депрессияға түсіп жатады. Әсіресе, мектеп жастарындағы, студенттер өте беріліп кеткен ғой, сол виртуалдық өмірге, жаңағы лайк беру арқылы, комментарий беру арқылы", - деді психолог Юсупбек Мұсабаев.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр