Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Аяғымнан құшақтап жылағандар бар”: Батып кеткен он екі адамды cудан алып шыққан құтқарушы жүзу кезінде не ескеру керектігін айтты

Маусымның соңында Қапшағай су қоймасының демалыс аймағында төрт адам суға батып кеткен еді. Марқұм болғандар құтқарушылары жоқ, жабайы аймақта шомылып жүрген. Жаз келіп суға түсушілер саны көбейгенде, мұндай қайғылы жағдайлар саны көбейе түседі. Жыл басталғалы Қазақстанда 25 адам қаза тапқан, оның ішінде балалар да бар. Осы орайда түрлі қауіппен бетпе-бет келетін құтқарушылар жұмысы жайлы бірі білсе, бірі білмейді. Судағы қаһарманның бірі 38 жастағы Қанат Қалиев. Ол бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев өңірінде биыл алтыншы жыл құтқарушы болып жұмыс істейді. Тәжірибесінде түрлі жағдайды бастан өткерген құтқарушының он екі адамды судан аман алып шыққан кезі де болыпты. Айтуынша, суға батып, құтқарылған жандар ес жиған соң өзіне алғыс жаудырып, тіпті көздеріне жас алып жатады екен. Қанат Самалбекұлы Stan.kz тілшісіне берген сұхбаттағы құтқару кезіндегі оқиғалары мен суға түсудегі қауіпсіздік ережелерін айтып өтті. 

Қанат Самалбекұлы, жеке архивтен

Қазір Қапшағай су қоймасында суға түскісі келетіндер саны көп деп бастады әңгімесін Қанат. Айтуынша, күніне судан шамамен 10-15 адамды шығарып, құтқарады.

Қапшағай суқоймасына демалыс күндері 4-5 мың адам келеді екен. Сегіз құтқарушы мұншама адамды бақылап, қадағалап отыруы мүмкін емес дейді ол. Алайда Қанат пен оның әріптестері барын салуда. Жалпы бұл жауапты қызметке келудің өзі оңай емес екен. Құтқарушыдан бұл жолға қалай келгенін де сұрай өттік.

“Алматы облысы Сарқан ауданы Егінші ауылының тумасымын. Арнайы жоғары оқу орнын бітірген жоқпын. Бұрын Талдықорғанда жүргенде формамен жүретіндерді көріп, "құтқарушы деген қандай жұмыс екен" деп сырттай қызығушылық танытып жүретінбіз. Сол жылдары ешкімнің айтуынсыз-ақ өзім осы қызметті таңдап келдім.

Бала кезден суға түсіп, жақсы жүзетінмін. Кейіннен қызметім тікелей сумен байланысты болған соң, қажеттілік болған соң әбден шыңдалдық. Күнделікті жаттығулар жасаймыз, себебі барлығына дайын жүру керек”, – дейді Қанат Қалиев.

Кімдер құтқарушы бола алады?

Құтқарушы болып қызметке орналасу үшін не керек деген сұрағымызға былай дейді қызметкер. 

“Үш ай сынақ уақытын, яғни тек қана суда ғана емес, апаттық құтқару жұмыстары бойынша дайындықтан өтеміз. Одан бөлек: альпинистік жабдықтармен үйлердің есіктерін ашу, тау-тастың арасында қалып кеткен адамдарды қауіпсіз жерге түсіру, үйлердің балкондарынан, шатырынан құтқару сияқты шараларға дайындық жүргіземіз. Сүңгуірлік жұмыстардан өткен соң кез келген жағдайда алғашқы медициналық көмек беру бойынша Талдықорған қаласына жібереді. Сонымен қатар барлық көлік түрін жүргізу үшін категория болуы қажет.

Осы жұмыстардан соң облыс орталығына барып аттестациядан өтесің. Одан соң барлығын жақсы тапсырсаң жұмысқа қабылданып, ары қарай қызметіңді атқарасың. Жұмысқа орналасудың барысы осындай”, – дейді ол.

Сөзінше, аз уақытта жұмысқа қабылдап, құтқарушы болып шығу мүмкін емес.

Бір ауысымда әдетте Қапшағай суқоймасында 4 құтқаршы жұмыс істейді. Екі қайық, төрт құтқарушы адамдарға қажет жағдайда көмек беруге қатысады.  Олар кез келген құтқару жұмысына қатысты түскен қоңырауға дайын болып, қызмет көрсетеді.

Басты міндет – қалалық жағажайға келіп демалушы халықтың судағы қауіпсіздігін қаматамасыз ету.

“Біздің су қойманың асты тегіс емес, табиғи көл болса асты сумен шайылып отыратын, тегіс болар еді. Бұрын бұл жердің бәрі төбе-төбе, дала болған. Кейін сумен толтырылған соң, астында шұңқыр көбейген. Бұл туралы хабары жоқ адамдар төмпешіктің үсті саяз екен деп ойлап біраз жерге дейін барып қалуы мүмкін.

Кейін жанына, оңға немесе солға малтып шыққан уақытта екі-үш метрлік шұңқырларға түсіп, аяғы жерге тимеген соң, адамды үрей билеп, шок алып қалады. Тіпті бассейндерге түсіп, жақсы жүзе алатын адамдар да не істерін білмей, аяқ-қолын шалпылдата беріп шаршап қалады. Көп қайғылы оқиға осындай жағдайларға байланысты орын алып жатады”, – дейді Қанат. 

Осының барлығын құтқарушылар демалуға келген туристерге түсіндіреді. 



“Адамдар қалалық жағажайға жиналған уақытта, екі мен үштің арасында қайықпен жағаға шығамын. Қолымда судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде ескертпе парақша болады. Таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 9-ға дейін жағажайда қатты ұзаққа шығып кеткен адамдарды кері қайтарамыз, көмек қажет адамдар болса береміз”, – дейді ол.

“12 адамды құтқардым”

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қанат суға батып кеткен он еді адамды аман алып шығып, құтқарып қалған. 

“Таңғы сағат 10-ның  шамасында қатты жел соғып, 2 метрлік толқын көтерілді. Әдетте толқын көтерілгенде адамдар қызықтап толқынға қарай жүгіреді. Алайда мұндай кезде су оларды құлата бастайды, сол арқылы толқын астымен сырғанатып алып кетуі мүмкін. Жүзіп жүргендер тұрғанымен, екінші толқын келіп ұрады. Сол күні 62 адамды судан шығардық. Соның ішінде 12 адам суға батып кеткен. Денелерін судан көрдім. Барлығын алып шықтым, алғашқы көмек көрсетіп құтқарып алдық.

Шамамен 1,5 шақырымдық жағажайда екі қайық жүргенбіз. Соның өзінде үлгермей жаттық. Адамдар жаппай батып жатыр. Елдің бәрін артқа қайтаруға тырысқанымызбен, көбі оны түсінбейді. Қуанышқа орай, қайтыс болған адамдар болған жоқ”, – деп есіне алады ол сол жағдайды. 

Сөзінше, Қапшағай су қоймасында қайғылы жағдайлар да болып тұрады. Мәселен, жақында батып кеткен бір отбасы туралы да құтқарушы айтып берді. 

“Мұндай батып кеткен жағдайлар жабайы аймақтарда, қараусыз, құтқару қызметі жоқ жерлерде орын алады. Мұндай орындарға адамдар өзінің көліктерімен келіп демалады. Жалпы бейтаныс, білмейтін жерге сүңгуге, шомылуға тыйым салынған. Адамдардың өздері сақтық шараларын жасауы тиіс. Мұндай орындарда құтқарушылар жүрмейді, біз қалалық жағажайда жүреміз”, – дейді ол.

Осы жағдайдан соң Қанат министрлік тарапынан "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" деген медаль иегері атанған. Оған алғыс хатпен қоса ұялы телефон сыйға тартылған екен.

Адамның суға батып бара жатқанын анықтауға бола ма?

Құтқарушының сөзінше, суға батып бара жатқан адам тіпті айқайламайды, үндемей су жұта береді. Оны бейқам адам байқамай да қалуы мүмкін, себебі қолы ғана шығып жатады.

“Ең алдымен адамдар өзінің шамасын есептей алмағандықтан батып кетеді. Негізінен жағадан судың белгілі бір бөлігіне малтып жету жағаға қарай жеткеннен әлдеқайда оңайырақ болады. Осы жағдайды есепке алмай адамдар судың терең бөлігіне келіп қалғанын түсінбей қалады. Судан қайтадан жағаға қайту екі есе күшті талап етеді. Ішімдік ішіп алып, аяқ қолының тартылып қалуынан, тіпті ойнап жүріп суға бату фактілері кездеседі.

Әр адам әртүрлі батуы мүмкін, оны бір сөзбен айтып түсіндіру қиын. Себебі әркімнің психологиясы әртүрлі. Біреулер шамасы бар кезде шыңғырып айқайлайды, ал суды бір жұтқан адам суды шалпылдата береді.  Сыртынан бақылап тұрып ойнап жатқан адам екен деп ойлап қалуға болады. Оны негізінен жақын маңдағы адамдар байқап, көмекке шақырады”, – дейді ол.

“Аяғымнан құшақтап жылады” – Батып кетіп, аман қалғандардың алғашқы сөздері

“Бір жолы қызметте жүргенімде адам батып кетті, су жұтып үлгерген екен. Есінен танып, судың астына қарай кетіп бара жатыр. Оны сыртқа алып шығып, қайыққа жатқыздым. Тілін шығарып, жұтқан суын шығардым. Артынша жүрекке массаж жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетердің алдында қолдан дем алдырдым. Бір-екі рет массаж жасаған соң есін жия бастады. Есін жиып тыныстай бастаған соң, қырына қарай жатқызып жағаға алып бардым. Жеткенде қайықтың ішінде отырып маған қарап: "Аға, судан мені сен алып шықтың ба?" дейді. "Иә, мен" дедім. Отыра қалып мені аяғымнан құшақтап жылап жіберді. "Болды, бауырым, амансың, тірісің, жағаға шықшы. Менің уақытымды алма, артта адамдар бар, үлгере алмай қаламын" десем,  бұл менің тіземді құшақтап алып жібермейді. Міне, осындай жағдайлар да болып жатады.

Суда аяқ-қолы тартылып, батып жатқандарға да шеңбер лақтырып, қайыққа салып алып жағаға апарамыз. Құтқарылған соң бізге статистика үшін құтқарылғандардың тұрғылықты мекенжайы, аты-жөні туралы ақпарат қажет. Алайда ешкім бергісі келмейді, қорқады. Мүмкін, ұялатын болар. Осылайша біреудің алғысын аласың, ал енді кейбіреулер ренжіп кетеді”, – дейді ол оқиғаны есіне алып.

Тәуекел етпей қалған кездер болмады

Қанат ешқашан өз өмірі үшін уайымдап, тәуекел ете алмай, тоқтап қалмаған. 

“12 адамды құтқару барысында соңғы адамдарға келгенде қатты толқын соғып қайықты ішіндегі адамадарымен жағаға бірақ шығарып тастады. Адамдарды қалдырып, қайықты суға шығарайын десем, менің шамам жетпейді. Артымда адамдар айқайлап жатыр. Менде шама кетіп, әл қалмаған. Артыма қарасам, бір баланың басы шығып, артынша жоқ болып кетті. Жилетімді қаттырақ қысып, жаңағы жерге дейін барып әлгі баланы алып шықтым. Шаршадым, біттім деген күннің өзінде адамның ішкі бір күші қалады”, – дейді ол.

Адамды құтқару кезіндегі ережелер

Суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде ол адам сізден ұстап қалатын болса, оңайлықпен жібере қоймайды дейді Қанат. Мұндай сәтте құтқаруға келген адамның өміріне де қауіп төнеді. Мұндай жағдайда не істеу керектігін құтқарушы айтты. Батып бара жатқандарды құтқарудың да арнайы тәсілдері бар екен. 

“Ең бірінші, адамды құтқара алу үшін жақсы жүзе білуіңіз қажет. Тағы бір айта кетерлік жәйт, құтқаратын адамның алдынан бетпе-бет жүзіп келуге болмайды. Негізінде адамның артынан келіп, қолтығынан монйына қарай қысып, өзіңе тарту арқылы жағаға қарай жүзу керек. "Мен сені құтқаруға келе жатырмын. Сен қобалжыма, үрейленбе. Сен маған көмектес" деп адамды сабыр сақтауға шақыру да маңызды. Ал енді сені естімей, көзін жұмып су жұтып тұрған адам қауіпті болады. Ол адам құтқарушыға жабысып, өзімен бірге алып кетуі мүмкін.

Егер де адам сізді бас салып құшақтап жібермейтін болса, адамды көлдің бетіне қарай жіберіп, керісінше, судың астына өзіңіз кетуіңіз керек. Сондай жағдайда адам автоматты түрде жоғарыға ұмтылады. Сол арқылы оның “құрсауынан” босап шығып кетуге болады”, – дейді ол.

Талқылау