Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қант өндірісі 7 есе төмендеген: Сарапшылар мұны өндірістің тиімсіздігімен байланыстырды

Қазақстанда қант өндірісі азайды
Фото: pixabay.com

Қазақстанда қант өндірісі бір жылда шамамен 7 есе азайды. Сарапшылар мұны өндірістің тиімсіздігімен байланыстырса, министрлік зауыттардағы жаңғырту жұмыстары себеп болғанымен түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшылардың айтуынша елімізде ақ қант қант қызылшасынан өндіріледі. Ал оны өсіру шаруалар үшін өте қымбатқа түседі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 3 айында зауыттар 9 мың тоннадан астам тәтті өнім шығарған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш шамамен 65 мың тонна болған. Қазір Қазақстанда қант өңдеумен айналысатын 4 кәсіпорын бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі өндірістің қысқаруына негізгі себеп ретінде отандық зауыттардағы жаңғырту жұмыстары екенін мәлімдеді.

“Қазір Көксу, Ақсу және Тараз зауыттарында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Меркі, Ақсу және Көксу зауыттары негізінен қант қызылшасын өңдеп келген болса, Тараз зауыты тек импорттық шикізатпен жұмыс істеген. Енді биылдан бастап бұл кәсіпорын да қант қызылшасын қабылдап, отандық шикізатты өңдеуге көшуді жоспарлап отыр”, – деді Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу департаментінің бас сарапшысы Бақытбек Ерғабыл.

Министрлік отандық шикізат көлемі алдағы уақытта артатынын алға тартты. Ведомство өкілдерінің айтуынша, биыл қант қызылшасы егілетін алқап көлемі 21 мың гектарға дейін ұлғайған. Алайда агросарапшылар ішкі өндірістің айтарлықтай өсуіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше, импорттау әлдеқайда тиімді.

“Егер арзан бағамен импортталатын қант шикізаты – қамыс екенін ескерсек, оның құны төмен. Ал елімізде миллиардтаған субсидия бөлінетін қант қызылшасы бар. Сонымен қатар оны өсіруге көп су жұмсалады. Бұл шығын әлі толық есепке де алынбаған. Осы факторлардың барлығы қант өндіру мен оны өңдеуді қымбаттатып отыр. Тек осыны салыстырудың өзі жеткілікті”, – деді аграрлық сарапшы Кирилл Павлов.

Министрлік өкілдері жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіріс қуаты артып, қант өндірісі де көбейетінін айтады. Егер жоспар жүзеге асса, биыл отандық зауыттар шамамен 100 мың тонна қант өндіруі мүмкін.

Stan.kz
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 12:09