Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "Атамекен" этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсіміне қатысқан. 

сарбаздар
Фото: Ақорда

"Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді", – делінген Ақорда хабарламасында.

ту
Фото: Ақорда

Тоқаев ұлттық рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты белгісі екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

"Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі, Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні, ал Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны деуге болады", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, қазақ халқы тарих бойы бір тудың астына бірігіп, ынтымақ пен бірлікті сақтай білген. Бүгінде де ел ауызбіршілігін нығайтып, дамудың жаңа кезеңіне сеніммен қадам басып келеді.

Мемлекет басшысы биылғы конституциялық өзгерістерге де тоқталып, жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа даму бағыты айқындалғанын айтты. Оның сөзінше, жаңартылған Конституцияда жердің тұтастығы, егемендік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары басты құндылықтар ретінде бекітілген.

Сондай-ақ Ата заңда заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, қоршаған ортаны қорғау және волонтерлік қызметті қолдау маңызды міндеттер ретінде көрсетілгенін атап өтті.

"Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Stan.kz
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 13:27