Атырауда үш күн тоқтамай жауған жаңбырдан шағынауданды су басып қалды

Атырауда үш күн тоқтаусыз жауған жаңбырдан арықтағы су арнасынан асып, аулаға жайылды. Бау-бақшадан бөлек баспананы да су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңбыр суы көлік жүретін жолды да жайпап, жол қозғалысын қиындатқан. Тіпті, жаңа жолдың өзін су шайып кеткен. Тұрғындар суағар жүйесі дұрыс салынбаған деп отыр.
“Әрбір үйдің шарбағында су қазір 2 метр деңгейге дейін көтерілген кеппей жатыр. Су кіріп кетті барлық шарбақ, туалет әрбір үйдің едендері шөгейін деп тұр. Қабырғалар көгеріп жатыр”, – дейді тұрғындардың бірі Гаухар Талғат.
Тіпті қала көшелері де су астында қалды. Мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың айналасы да көл-көсір су.
“Дренаж жоқтан. Талдар өледі, осы мәселені осындай жағдайға жеткізбей шешу керек қой. Әкімдік жұмыс істеу керек дегендей. Суды кешіп кеттік көлікпен, кейбір көшелер құдай сақтасын, кеше өрт сөндіретін көліктер суды сорып тұрды. Қашанға дейін жалғасады”, – дейді тұрғындардың бірі Талғат Сариев.
Қаладағы коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Шенеуніктер үш күнде бір айлық нормадан 1,5 есеге артық жауын мөлшері түскенін жасырмайды. Қазір жаңбыр суын тазалауға қырықтан астам көлік күндіз-түні тынбай жұмыс істеп жатыр екен.
“Осы үш күн ішінде 27 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл маусым айындағы орташа айлық норманың 158 пайызына тең. Нөсер жаңбырдан кейінгі су сору және тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қазір қаладағы негізгі көшелерде, арық жүйелерінде, әлеуметтік нысандар аумақтарында және тұрғындардан "109" бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр”, – дейді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.
Атыраулықтар әлі бірнеше күн сумен әлек болатын секілді. Себебі, синоптиктер апта соңына дейін ауа райы жаңбырлы болады деп болжап отыр.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр