"Компьютерлерге дейін су тиген": Алматыда жауын салдарынан әуежайды су басты (видео)

Алматыда жаңбыр жауып, бұл жолы әуежайды су басты. Су шатырдан тікелей ғимарат ішіне ағып, тексеру және паспорттық бақылау аймақтарын басып қалған. Қызметкерлер кіреберістерді жауып, әуежай жұмысы уақытша тоқтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Алматы халықаралық әуежайы аумағын су басқаны түсірілген фото-видео тарады. Кадрдан ғимарат ішін тазалап жүрген қызметкерлерді көруге болады.
Жолаушылар су басқанына ғана емес, терминалдағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарына да шағымданып жатыр.
“Жаңа Алматы әуежайы. Бұл қалай болғаны? 20 минут бұрын паспорттық бақылаудан өтіп, лаунжға көтерілген едік, осындай жағдай болды. Барлығын су басып кетті. Тексеру аймағын да, паспорттық бақылауды да су басты. Компьютерлерге дейін су тиген. Бәрін жауып тастады, ешкімді кіргізбейді. Әуежай жұмысы тоқтап тұр. Қашан ұшатынымыз белгісіз”, – деп жазды куәгер.
ОқыңызТағы бір жолаушы: “Жақында осы әуежайдан ұштым. Шынымды айтсам, таңғалдым. Барлығы жөндеуде. Мұндай жағдайда жолаушыларға қалай қызмет көрсетуге болады?”, –деп пікір білдірген.
Ал әуежай тарапы екі терминалды да су басқанын растады.
“Қатты жауын-шашын салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының жекелеген бөліктерінде шатырдан су өткен. Оның салдары 30 минут ішінде жедел түрде жойылды. Жағдай рейстердің ұшуына әсер еткен жоқ. Қазір әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым тексеріліп, жағдайдың себептері анықталып жатыр. Алдағы уақытта алдын алу шаралары қабылданады”, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін бағаны көтергені үшін қазақстандық қос әуежай жауапкершілікке тартылғаны туралы жазған едік.