Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте күннің ыстығынан улы сарышаяндар қаптап, 80 адамды шақты

Шымкентте сарышаян адамдарды
Фото: pixabay.com

Шымкентте күннің ыстығына байланысты сарышаяндар көбейіп, 80 адамды шағып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мамандардың мәліметінше, улы сарышаяндар соңғы уақытта тұрғын үйлер маңынан жиі байқалуда. Олар аяқ киімнің ішінде, төсек астында, перде араларында және ылғалы мол орындарда жасырынуы мүмкін. Осыған байланысты дәрігерлер жеке сектор тұрғындары мен құрылысы жүріп жатқан жаңа шағынаудандарда тұратын азаматтарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады.

Сарышаян шаққан кезде адам қатты ауырсынуды сезінеді. Бұдан бөлек: 

  • аяқ-қолдың ұюы;
  • бас айналу;
  • ентігу;
  • әлсіздік секілді белгілер байқалуы ықтимал.

Сондықтан мұндай жағдайға тап болғанда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінген жөн.

“Шаяндар кез келген жерде кездесуі мүмкін. Бұл әсіресе жеке сектордағы тұрғын үйлерге қатысты, өйткені мұнда осы буынаяқтылардың шоғырлануы жиі тіркеледі. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатқан жаңа аудандарда да олар көп кездеседі. Мұндай жерлерде шаян шағу қаупі жоғары болады. Көшеде олар көбіне арықтар мен өзендердің маңындағы ылғалды аймақтарда кездеседі. Адамдар жерге отырып немесе жатып демалады. Кейде төсенішсіз болады. Сондықтан ең болмағанда жиналмалы төсек немесе осыған ұқсас қорғаныс құралдарын пайдаланған жөн”, – деді Шымкент қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.

Stan.kz
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 09:48