Құлыбаевтың тағы бір компаниясы сотта жеңіліп, Алматыдағы ҚазҰУ жерін өзінде қалдыра алмады
Миллиардер Тимур Құлыбаев иелік ететін "Кипрос" компаниясы сотта Алматының іскерлік ауданындағы 1,79 гектар жерді меншігінде қалдыра алмады. Бұл жер бір кездері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тиесілі болған. Онда бизнес орталық салынып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Оlympic.kz
16 қаңтарда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 11 қазандағы шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарды. Осылайша, "Кипрос" компаниясы өзінің жер құқығын дәлелдей алмады. Енді 1,79 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылуы керек.
Кеңес заманынан бері даулы аумақ ҚазҰУ-ға тиесілі болды. 2007 жылы Алматы әкімдігі инвестициялық келісім негізінде оны қазір жоқ "Есентай Девелопмент" жеке компаниясына берді. Кейіннен жер бірнеше фирмаларға сатылып, оны 2019 жылы "Кипрос" сатып алды.
2024 жылдың шілдесінде Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті жерді сатып алу-сату туралы барлық шартты жарамсыз деп тануды талап етіп сотқа жүгінді. Мемлекеттік органның пікірінше, учаске "жер заңнамасының талаптарын бұза отырып" берілген. 2024 жылдың қазан айында сот талапты қанағаттандырды.
"Бастапқыда даулы жер учаскесін беру заңсыз жүзеге асырылған. Атап айтқанда лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне байланысты мемлекеттің еркінен тыс шығып қалғанын ескере отырып, сот алқасы жер учаскесін адал сатып алушыдан алып қоюды негізді деп санайды", — делінген Алматы қалалық сотының шешімінде.
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында оның құны – 42,9 миллиард теңге.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан билігі өткен жылы Құлыбаевтың бақылауындағы компаниядан 54 нысанды тартып алған.