Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім және бес баламнан айырылдым": Сириядан қайтып оралған қазақстандық әйелдер өз оқиғаларын айтты

Жат ағымның жетегіне еріп, Сирияға аттанған отандастарымыз 2019 жылы "Жусан" операциясы көмегімен Қазақстанға оралды. Кейбірі жұбайларынан айырылып, енді бірі балаларын жер қойнына тапсырып қайтты. Олардың қатарында Алматылық Мақпал мен Жанар бар. Сирияға аттанып, тағдырдың тауқыметіне тап болған әйелдердің оқиғасын Stan.kz тілшісі тыңдады.

балалар әйел

Жалған үмітке алданып, қан майданның ортасына тап болған Мақпал (кейіпкердің есімі өзгертілген) әр адам сабақ алуы үшін өз оқиғасымен бөлісуге бел байлаған. Сөзінше, Сирияға 2014 жылы күйеуі және 4 баласымен кеткен. Ал екі ұлы Алматыда қалған.

"Алдымен Сирияға күйеуім Зинур 2013 жылы кетті. Бастапқыда сол жаққа баратынын айтпады. Бішкектен өзіне және маған көлік алып келемін деген. Ол кезде Қаскелеңде тұрдық. Таңертең күйеуім менімен қоштасқан соң қақпаға барып, қайта келеді. Мені қайта құшақтап, қайта кетеді. Кеткеннен кейін хабар ала алмадым. Бір айдай уақыт өткен соң қоңырау шалып, "Мақпал, мен Сириядамын. Сен де осы жерге кел. Мұнда халифат бар, нағыз дінге берік адамдар осы жерде" деді. Бізді Қазақстанда мұсылмандарды шеттетеді деп сендірді", – дейді ол.

Мақпалдың күйеуі Сирияға келмесе, Қазақстанда қудаланып, қысымға ұшырайтынын айтқан. Сонымен қатар үлкен үй беріліп, еш тарлық көрмейтінін жеткізіпті. Осылайша кәмелетке толмаған төрт баласын ертіп, Бішкек арқылы Түркияға, кейін Сирияға кетіп қалған.

"Біздің 6 баламыз болды, 5 ұл және 1 қыз. Ал күйеуім бұрын полицей болып қызмет еткен. Қару ұстай алатын. Сирияда қаруды қолдана алатындар жоғары бағаланды. Сирияға келген соң бізді әскери киім киген арабтар күтіп алып, Джераблус қаласына, сосын Ракку қаласына жеткізді. Кейін күйеуім келіп, бізді Шаддад қаласына алып кетті. Бастапқыда мұнда тыныш болатын. Үйлерге бомба түспейтін. Біз де аса қорықпадық. Cодан соң мұнда бізді окоп қазуға мәжбүрлей бастады. Бірақ америкалық коалицияға қол қойылған соң бір түнде 56 бомба тасталды. Ал балаларды әскери дайындық өтетін "муаскаратқа" алып кетті", – деп қосты әйел.

Осылайша отбасы Шаддад қаласында бір жарым жыл тұрған. Бомбалау күшейген соң оларды Ирактың Раву қаласына шығарған. Дегенмен мұнда да жағдай дұрысталмапты.

"Бастапқыда тыныш еді, бірақ бомбалаудың кесірінен өмір сүру қиындады. Сосын қайта Сирияға алып келдік. Тоқтаусыз бомба тасталған соң әйелдер мен балаларды басқа қалаға орналастырды. Америкалықтар бомбалау жұмыстары үдей түсетінін айтып, әйелдерге өз еркімен шығуды ұсынды. Көмек көрсетіледі деді. Дегенмен барлығы жұбайларының жанында қалғысы келді. Әрі мұның халифат екеніне сеніп, “жау қолынан өлсек, Аллаға – бірден Жұмаққа тап боламыз” деп ойладық. Дегенмен бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігін ойладым. 2018 жылы жетінші баламды дүниеге әкелдім. Есімін Рамля деп қойдым. Бұл кезде күйеуім бұл дүниеде жоқ еді", – деп толықтырды әйел.

Барлық қоныстанушылар Ирактың қол астына өткен соң елге оралу жайлы айтуға тыйым салыныпты. Адамдарда таңдау құқығы болмаған.

"Бірде ұлым Имран келіп, "Бізді Түркияға шығаратын жол табамын" деді. Бірақ біреу оның үстінен шағымданса керек, кеткісі келеді деген айыппен түрмеге түсті. Балам ересектерге бұл жерде халифат емес екенін және елге оралу керегін айтқан. Үлкендер түсінбеген нәрсені менің кәмелетке толған ұлым түсінді", – дейді Мақпал.

Абақтыдан шыққан соң ұлы Имранды шекараны күзетуге жіберген. Бірақ экономикалық тосқауыл қойылған соң, мұндағы халықта азық-түлік тапшылығы туындапты.

"Маған жесір әйел ретінде бір айға жарты қаптама құрғақ сүт пен жарты қаптама құрма беретін. Сондықтан жеммен қоректендік. Таңертең тұман түскенде ұлым далаға барып, шөп жинайды. Біз оны тұздап, жеммен бірге жедік. Елге оралған соң дұрыстап тамақтана алмадым. Басқа жақта балалар аш отырғанда тоқшылықта жүргенім үшін өзімді кінәлі сезіндім. Арым мазалады. Уақыт өте бұл сезімнен де арылдым", – деді әйел.

Мақпал Сирияда 2017 жылы үлкен ұлының көз жұмғанын айтады. Қоршауда қалған кезде ауыр жарақат алған. Ал өлімі туралы тек үш күннен соң хабарлапты.

"Жарты жылдан соң күйеуім опат болды. Жиналыс жүріп жатқанда үймен қоса жарып жіберген. Мәйітін ұлым Имран жерледі. Маған көрсетпеді, себебі денесі екіге бөлініп қалған деді. Ал Имран, Фатима мен Омар, кішкентай қызым Рамля, немерем Майсуна 2018 жылы бомбалау кезінде көз жұмды. Түнгі үште үйге бомба түсіп, барлығымыз қирандылардың астында қалдық. Жарылыс толқынынан екінші немерем Таймийяны ұшырып жіберген. Жарты жыл бойы немеремді көрмедім. Себебі қолдарым сынды, бас сүйегім үгітілген. Тамақты шайнап, жұта алмадым. Түтік арқылы тамақтандырды. Маған пластина салу керек болған. Алайда пластина болмағандықтан жағымды сым темірмен орап, ота жасады. Алматылық дәрігерлер де отаның кәсіби жасалғанын айтты. Сондықтан сым темірді алған жоқ, әлі сонымен жүруге мәжбүрмін", – деп еске алды Мақпал.

Мақпал 2019 жылы "Жусан" операциясы арқылы Қазақстанға қайта оралған.

Келесі кейіпкер Жанар да Сирияға күйеуінің үгіттеуімен аттаныпты. Төрт баланың анасы жұбайымен ажырасқан соң өзбек азаматымен танысып, екінші рет отау құрған.

"Бастапқыда иманжүзді болып көрінді. Қолдау көрсетті. Бала-шағам келісім берген соң тұрмысқа шықтым. Кейін дәстүрлі намазға да тыйым салды. Жат ағымды ұстанатынын түсіндім. 2016 жылы Бішкек арқылы Түркияға ұштық. Алайда күйеуім оқу-жаттығуға кетіп, қайта оралмады. Өзімді де бомба түскенде үйдің қирандысы басып қалды. Дегенмен жарақат алмадым. Жарықшақты оқтар болады. Олар атылған кезде тереземдегі торға тиген, ал мен тағы аман қалдым", – дейді Жанар.

Сирияда намаз оқымағандықтан отандасымыз қудалауға ұшыраған. Әрі жергілікті тәртіпке бағынбағандықтан оны "тыңшы" деп атаған.

"Ол жақта намаз оқымағандарды "кәпірлер" дейді. "Тыңшы" деп атады. Түрлі ауыр сөздерді естідім. Сирияда не адамгершілік, не тәртіп жоқ. Бірін-бірі ұрады, өлтіруден де қаймықпайды. Тек сол жақта Қазақстанға жететін бейбіт елдің жоқ екенін түсіндім", – деп түйіндеді кейіпкеріміз.

Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аумағында Сириядан оралған отандастарды оңалтуға арналған орталықтар жұмыс істейді. Мұнда білікті мамандар мен теологтар азаматтарды қоғамға қайта бейімдеп, қызметке орналасуға және кәсіп ашуға көмектеседі.

Аталмыш орталықтарда ерлер мен әйелдер де кеңес алады. Ал оңалту жұмыстары теологиялық ақпарат беру негізінде жүзеге асырылады.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы "Кеңес беру және оңалту" орталығының маманы, теолог Назерке Жетпісбай Сирияға кеткендердің көпшілігі отбасылы әйелдер мен қыздар екенін айтады. Кейбірі әлеуметтік желі арқылы шетелдіктермен танысып, алдымен Түркияға, кейін Сирияға аттанған екен.

"Ал отбасылы әйелдер күйеуінің айтуымен, шақыруымен кеткен. Бастапқыда барлығында "Сирия шариғат заңын ұстанады, күпірлікке бастайтын жол болмайды, бақытты күн кешеміз" деген ой туындайды. Сондай-ақ балабақша тегін, мектепке орналасу оңай, мемлекеттің байлығы халықты қамтамасыз етуге жеткілікті деген жалған ақпаратқа алданып қалғандар бар. Алайда мұсылмандардың бірін-бірі өлтіргенін және қанды соғысты өз көздерімен көрген соң мұның барлығы жалған екенін түсінеді. Көпшілігі жесір қалған, туыстарынан айырылған, балаларын жерлеген. Ет жақынын жер қойнына табыстау кімге болса да ауыр тиері сөзсіз", – деп толықтырды Назерке Жетпісбай.

Маманның сөзінше, қанды қырғынды өз көзімен көрген балаларды қоғамға қайта бейімдеу мерзімі жас ерекшеліктеріне қарай өзгереді.

"Сирияда дүниеге келген балалар бүгінде 4-8 жас аралығында. Сәйкесінше естерінде көп нәрсе жоқ. Қырғынды өз көзімен көрген бүлдіршіндермен алдымен психологиялық жұмыс жүреді. Оларды қазір қауіпсіздікте екеніне, соғыстың енді қайталанбайтынына сендіру маңызды. Кейін балалардың қабілеті мен ынтасына қарай түрлі қосымша үйірмелерге қатыстырып, зейінін басқаға бұруға тырысамыз", – деп түйіндеді маман.

Айта кетейік, 2016 жылы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бастауымен қалада "Кеңес беру және оңалту орталығы" ашылды. Орталық мамандары радикалды діни ұйымдар мен топтардың құрбандарына кеңес беріп, қоғамға қайта бейімдеуге көмектеседі. Сонымен қатар Сириядан оралған отандастарымызбен де кездесу өткізіп, оңалтау және бейімделу кезінде өз ықпалын тигізген.

Егер де Сіз немесе Сіздің жақыныңыз жат діни ағымның ықпалына ұшырап, теолог және психолог мамандардың көмегіне мұқтаж болған жағдайда келесі байланыс нөмірлері арқылы жүгіне аласыз: 

Ерлер үшін жедел желі: +7 (701) 120-75-70;

Әйелдер үшін жедел желі: +7 (701)-120-75-03.

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр