Ресейге әскери дрондарға қажетті жабдықтардың негізгі импорттаушысы қазақстандық кәсіпкер болып шықты

2025 жылы қазақстандық-ресейлік кәсіпкер Ермек Сүйіндіков Ресейге рекордтық көлемде оптикалық және шыны талшықтарды әкелгені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымының мәліметінше, кәсіпкер сондай-ақ Ресейде дрондарға арналған жабдықтарды сертификаттап, ұшқышсыз аппараттарға арналған қосалқы бөлшектерді импорттаған. Тергеу мәліметінше, бұл бөлшектер ондаған мың дронды құрастыруға жететін көлемде болған.
2025 жылғы ақпанда Ведомости басылымы Қытайдан Ресейге оптикалық талшық импорты 10 есеге артқанын хабарлаған. The Insider мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ресейге шамамен 9 миллион долларлық оптикалық талшық жеткізілген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
Басылымның деректеріне сәйкес, 2025 жылы Ресейге жеткізілген оптикалық талшықтардың басым бөлігі екі қытайлық компания арқылы келген: Foshan Beyond Import and Export және Hubei Guanqun Import and Export. Бұл компаниялар құжаттарда өнім өндіруші ретінде де көрсетілген, алайда нарықта мұндай өндіруші компаниялардың жоқ екені айтылған. Қалған жеткізушілердің үлесі өте аз.
Шамамен 600 мың доллар көлеміндегі жеткізілімдер бойынша жөнелтуші деректері құжаттарда жасырылған.
Алғашқы компанияның атауы Ресей құжаттарында қате берілген, шын мәнінде ол Foshan Bangyang Import and Export Co., Ltd. деп аталады. Сарапшылар мұндай өзгеріс әдетте бизнесті жасыруды білдірмейтінін, Қытай компанияларында ағылшын атауын дыбысталуына қарай еркін таңдау тәжірибесі бар екенін айтады.
ОқыңызFoshan Bangyang Import and Export Co., Ltd. компаниясының China Bank of Communications банкінен шоты бар. Басылым банктен пікір сұраған, алайда қаржы ұйымы сұхбат беруден бас тартқан.
Зерттеуге сәйкес, Ресейге импортталған шыны талшықтардың 80%-дан астамы екі негізгі алушыға тиесілі болған: жеке кәсіпкер Ермек Сүйіндіков және “Инкаб” компаниясы.
Ермек Сүйіндіков Челябі қаласында тұратын, Ресей мен Қазақстан азаматтығы бар тұлға ретінде көрсетілген. Оның негізгі кәсібі – болат саудасы.
Жеткізілген оптикалық талшықтар Санкт-Петербург кеденіне жақын Шушары ауданындағы "Шуша" кәсіпорны аумағына жеткізілген.
2025 жылдың қаңтар–наурыз айларында Сүйіндіков Ресейге 120 тонна шыны талшық импорттаған. Бір дронға арналған талшық катушкасының салмағы шамамен 2 келі болғандықтан, бұл көлем бірнеше ондаған мың дронды байланыспен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сонымен қатар, ол өткен жылдың бірінші тоқсанында Ресейге:
- 140 мың литий-ион аккумуляторын (жалпы құны 3,5 миллион доллар),
- 50 мың 1 кВт қуатты электр қозғалтқышын (дрондарға жарамды),
- 65 мың оптикалық байланыс құрылғысын,
- 38×38 мм көлемдегі 450 кг электронды камера платаларын,
- 15 мың оптикалық объективті,
- 160 келі пропеллерді импорттаған.
Ресей аумағында Сүйіндіков өз саласына сәйкес келетін бірқатар жабдықтарды сертификаттаудан өткізген. Олардың қатарында:
- Dongguan Henghui Electronic Technology аккумуляторлары,
- Dilong New Energy Technology Hebei зарядтау құрылғылары,
- Shanghai Rui Tai Photoelectric Technology шыны талшықты катушкаға орайтын машиналар бар.
The Insider басылымының хабарлауынша, Ермек Сүйіндіков журналистердің сауалдарына жауап беруден бас тартқан.
Еске салсақ, бұған дейін Qazsport арнасының эфирінде ресейлік әскери дрон құрастыратын зауытқа жұмысқа шақыратын жарнама көрсетілгені туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды