Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күн сайын ақша сұрап хабарласқан": Өскеменде қаза тапқан сарбаздың туыстары ұлдарының өзіне қол салғанына сенбейді

Видеодан скрин

Түркістан облысында әскерге кеткен тағы бір сарбаз табытпен оралды. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы ұлының күн сайын ақша сұрап хабарласқанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұм сарбаздың анасы 20 жастағы ұлының қысым көріп ажал құшқанына сенімді. Ал, мәйітті алып келген командирлер Қазыбек Оспановтың өзін-өзі атып өлтіргенін айтқан.

Оспановтар әулеті үш күннен бері қара жамылып отыр. 3 айдан кейін әскерден келеді деп күткен ұлдары күні кеше туған үйіне табытпен оралған. Етегі жасқа толған ана перзентінің өзін-өзі атып өлтірді дегеніне сенбейді. Сөзінше 20 жастағы жігіт бөлімшеге барғалы жақындарынан қаржы сұрап келген. Қарыздың бәрін әскерден келген соң қайтарамын деп уәде беріпті.

“Балам қиналып кетті. Мен білмеймін. Бірақ, сыныптастарынан, алдында істеп кеткен жұмысшыларынан барлығынан ақша сұрапты балам байғұс. Менің жағдайымды ойлап, маған ешнәрсе айтпапты. Баламды тауып берсін баламды. Балам қыршындай кетті ғой. Күнде қоңырау шалып ақша сұрапты. Ақша бер. Ақша бер деп. Менің балам қысымға түскен”, – дейді марқұмның анасы Майра. 

Марқұм әскерге өз еркімен кетпеген дейді жақындары. Көзі нашар көретін жігіттің диагнозы да болған екен. Осыған қарамастан алдымен былтыр қыркүйекте мәжбүрлі түрде алып кетіп, жарты жолда денсаулығының ерекшелігін байқап баланы үйіне жіберіпті. Сөйтіп сәуір айында күзетші болып тұрған жерінен қайтадан күштеп жөнелтті дейді жақындары.

Ал қорғаныс министрлігі Қазыбектің әскерге өзі сұранып барғанын алға тартады.

“Әскери қызметші әскерге өткен жылы сәуір айында шақырылған болатын. Аталған жайт бойынша ҚР ІІМ өңірлік тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – деді құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев. 

Марқұмның жақындары Қазыбектің өлімінде жұмбақ көп дейді. Қарауылдауға барған сарбаздың қызмет барысы камераға түсіп қалған екен. Бірақ неге екені белгісіз дәл басына оқ атылған сәті жоқ дейді. Қала берді сот медицина сараптамасында бас ми жарақатынан ажал құшқаны жазылғанымен мөр қойылмаған екен. Қара жамылған отбасы түсініксіз тұстардың көп күмән туғызғанын айтады.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстанда сарбаз қарауыл кезінде өзін атып жібергені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 20:55