Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚТЖ: Біз темір жолдағы ТЖ үшін кінәлілерді жауапқа тартуды  қатаңдату бойынша түзетулер енгізуді бастама етіп көтеріп отырмыз

Темір жолда кейбір жолаушылардың немесе сол төңіректегі жергілікті халықтың түрлі жарақат алуы, тіпті қаза табуы тыйылар емес. Бұған басты себеп-тұрғындардың бейқамдығы. Шойын жол бойындағы жұрттың денсаулығына, қала берді өміріне төніп тұрған қауіп-қатердің бетін қайтару үшін ҚТЖ тарапынан қандай қарекеттер жасалып жатыр? Бұл туралы Ұлттық компанияның Қауіпсіздік жөніндегі директоры Марат Шәкеновтен сұрап білдік.

–  Марат Арапбекұлы, көпшілік темір жолдың аса қауіпті аймақ екеніне жете мән бермейтін сияқты. Тіпті, шойын жол ережесін өрекел бұзған адам қандай қауіп-қатерге бас тігін отырғанын білмеуі де мүмкін ғой. Осы орайда темір жол қауіпсіздігі сақталмаса адамдар қандай қайғы-қасіретке дұшар болатынын айтып өтсеңіз

– Темір жол –  миллиондаған қазақстандықтарды бет алған жағына дер кезінде жеткізіп, еліміздегі жалпы жүк атаулының басым бөлігін тасымалдап отырған сенімді, әрі тиімді көлік түрі. Сонымен қатар, темір жол – өте қауіпті аймақ екендігін де бір сәтке естен шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта жолаушыларды діттеген елді-мекеніне, жүктерді барар жеріне жеткізу уақытын қысқарту үшін пойыздардың жылдамдығын арттыруға ден қойып отырмыз. Мұндай жағдайда қауіп түрлері еселене түсетіні айтпаса да түсінікті. Сонтықтан сақтық шараларын да күшейтуге басымдық беріледі. 

Жыл сайын теміржолда ондаған адам ауыр жарақат алып жататыны өкінішті. Арты өлімге әкеп соқтыратын қайғылы жағдайлар да аз емес. Олардың арасында балалар да бар. Тек 2021 жылдың тоғыз айында темір  жолдарда 65 адам басу фактісі тіркелсе, соның 39-ы өліммен аяқталды. Дей тұрғанмен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5% азайды. Сонда да статистика бізді әлі де алаңдатып отыр.

Пойыз жақындап қалғанына қарамастан шойын жолды қалай болса солай кесіп өтетін немесе айналып жүруге ерініп, вагонның астынан жүгіре жөнелетін кейбір азаматтардың жазатайым қауіп-қатерден аман қалуы- локомотив машинистерінің қырағылығынан. Олардың жыл басынан бері шамамен 300 рет пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.  Мұндай жағдайлар көбінесе Алматы, Қызылорда, Ақмола, Семей жол бөлімшелерінің учаскелерінде ушығып тұр. Сағатына 60-80 км жылдамдықпен жүретін салмағы 6 мың тонна пойызды бірден тоқтату мүмкін емес. Салмағы 200 тоннадан асатын локомотивті тоқтату үшін кем дегенде 600-800 метрдей қашықтық керек.  

 Темір жолдағы қайғылы оқиғалардың пайда болу себептері қандай? Бұл проблеманың түп-төркіні неде?

– Айталық, вагондардың үстінен тартылған сымдардағы электр қуаты 27,5 мың вольтқа дейін жетеді. Оны ұстау былай тұрсын, жақындаған адамды сұлатып түсіреді. Соған қарамастан балалар вагондардың үстіне шығып алады. Осыдан кейін арты қайғылы жағдаймен аяқталмай қайтсын?! Жастар болса телефон құлақтығымен музыка тыңдап пойыз дауысын естімей де қалады. Керек десеңіз қандай жолмен келе жатқанын да ұмытып кетуі мүмкін. Несін жасырамыз, арақ-шарап ішкендер де, есірткіге улыққандар да кездеседі. Ал, кейбір автокөлік жүргізушілері темір жолдан өту ережелерін сақтай бермейді. Одан қалды пойыз машинистерінің дабыл қағуын, оған көнбесе жарық түсіру арқылы белгі беруін елемей жатады. Мәселен, осы жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында өткелдерде автокөліак пен пойыз соқтығысқан 16 оқиға тіркелді. Айта берсек мұндай себеп-салдар жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда мәселенің түп-төркіні азаматтардың бейқамдығына келіп тіреледі. Егер автокөлік жүргізушілері ережені бұзбаса, жаяу адам темір жол аумағында жүріп-тұрғанда мұқият болса, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмаса сөз жоқ қайғылы жағдай қазіргіден әлдеқайда аз болар еді, мүмкін болмас та еді. 

  Дегенмен абайсызда, білместіктен  қайғылы жағдайға ұшырап қалатын азаматтар да бар ғой.  Міне, сондай жандарды қауіп-қатерден қорғау үшін қандай қам-қарекеттер жасалып жатыр? 

–Халық көп жүретін жерлерде жаяу адамдарға арналған көпірлер жоспарлы түрде салынып келеді. Жергілікті атқарушы органдармен арнайы өтпелерді қосымша салу бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Магистральдық желі нысандарында 82 жаяу жүргінші көпірі, үш жаяу жүргінші тоннелі, станциялар аумағында және бөлек пункттерде орналасқан 273 жаяу жүргінші төсемі, адамдар көп жиналатын теміржол өтпелерінде 55 жаяу жүргінші төсемі бар. Жыл сайын жоспарға сәйкес станция аумағында қосымша жаяу жүргіншілер төсемдері бір деңгейде салынады. 

ҚТЖ станциялар аумағында шамамен 300 шақырымнан астам қоршау орнатты, оның ішінде 84 шақырымы – перрондық қоршау, облыс орталықтарында және ірі қалаларда 22 станция қоршау құрылғыларымен қамтылды.

Алайда жергілікті тұрғындар жолдан қауіпсіз өтуге немқұрайлы қарап, біз орнатқан қоршауларды бүлдіріп, сындырады және белгіленбеген жерлерде теміржолдар арқылы өтуді жалғастыруда, осылайша күн сайын өз өмірлеріне  қауіп төндіреді. Біз вандализмнің осындай фактілерін үнемі тіркеп келеміз.

Сонымен қатар, біз түсіндіру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысамыз. Темір жолға жақын орналасқан оқу орындарында "Адамдардың темір жолдарда болу ережелері" тақырыбында қауіпсіздік сабақтары өткізілуде. Теміржолға жақын маңда тұратын тұрғындармен үнемі кездесіп отырамыз. 2021 жылдың тоғыз айында осындай елді мекендер тұрғындарымен 960 жиналыс өткізіліп, оларға 33 мыңнан астам адам қатысты.

Үй жануарларын жаю ережесі бөлек әңгіме. Біз қазірдің өзінде 25 мыңнан астам адамның қатысуымен 1,2 мыңға жуық жиналыс өткіздік.

Ірі вокзалдар ғимараттары экрандарында теміржол инфрақұрылымы нысандарында жүріп-тұру тәртібі туралы бейнероликтер көрсетіледі. Аса қауіпті жерлерде "Назар аударыңыз, темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ", "Өтуге тыйым салынады!", "Абайлаңыз-қауіпті аймақ", "Абайлаңыз – электр кернеуі" секілді ескерту белгілері орнатылған және жаңартылуда.

Компания бойынша пойыздар қозғалысы қарқынды 18 учаске анықталды. Олардың шегінде 169 станция бар. Барлық станциялар дауыс зорайтқышпен хабарлау байланысымен жабдықталған, ол бойынша азаматтарды өтетін және келетін пойыздар туралы хабардар етеді, сондай-ақ жолаушылардың назарына теміржолдар арқылы өту және қауіптілігі жоғары аймақта жүріп-тұруы қағидалары жеткізіледі.

Желілік полиция, әскерилендірілген күзет өкілдерімен бірлесіп, теміржолдар арқылы адамдардың жаппай рұқсат етілмеген жерлерден өтуінің алдын алу мақсатында  530   рейд жүргізілді. Бұл жұмыстың басты міндеті – автокөлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру және олардың назарын қауіпсіздік проблемасына аудару. Рейд қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарымен 21 әкімшілік айыппұл салынды. Әрбір ереже бұзушымен түсіндірме әңгіме жүргізіліп, қауіпсіздік бойынша жадынама табыс етілді.

Құқық қорғау органдарының, көлік прокуратурасының өкілдерімен бірлескен кеңестер өткізіліп, теміржол көлігі нысандарында жарақаттанудың алдын алу мәселелері талқыланады.

"Назар аударыңыз – өтпе" тақырыбында қауіпсіздік бойынша адын алу  айлықтары ұйымдастырылады. Темір жол өтпелерінде аншлагтар ілініп, автокөлік техникасы жүргізушілеріне темір жол өтпелері арқылы өту қағидалары бойынша буклеттер беріледі. Осы жылдың тоғыз айында 130 мыңға жуық жүргізушіні нің қатысуымен250-ден астам жиналыс өткізілді.

Темір жол көлігі нысандарындағы қауіпсіздік – ортақ іс, бірлескен күш-жігердің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Біз қазақстандықтарды абай болуға, темір жол – аса қауіпті аймақ екенін есте сақтауға шақырамыз. Жүріп-тұру ережелерін ұстану өмір мен денсаулықты сақтауға жәрдемдеседі. Ата-аналарға балаларымен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кеңес береміз.

"Сергек" АБК ереже бұзушыларды анықтайды

 Өткелдерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Теміржол өткелдері жүргізушілерден ерекше назар аударуды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Келе жатқан пойыздың алдына шығып кеткен кезде жүргізушілер өздеріне, жолаушыларына, сондай-ақ пойыздағы адамдарға қауіп төндіреді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 417 күзетілетін өткел темірбетон және резеңке төсемдермен, авто және электр шлагбаумдармен, қосымша көлденең бұрылатын шлагбаумдармен жабдықталып,  қоршау құрылғылары орнатылған. Барлық өткелдер электр жарығымен, станция бойынша кезекшімен, пойыз диспетчерімен байланыспен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар автоматты бағдаршам дабылымен, электр жарығымен 1074 күзетілмейтін өткел жабдықталған.

Жергілікті атқарушы органдармен "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешені (АБК) бар өткелдерде МЖӘ шеңберінде бейнекамералар орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл жол қозғалысы ережелерін бұзудың фото және бейне дәлелін  тіркеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта алты темір жол өткелінде "Сергек" АБК орнатылған, оның ішінде Нұр-Сұлтан және Өскемен қалаларында екі кешеннен, Алматы қаласы мен Ақмола облысында бір-бірден. Сонымен қатар, Алматы облысы полиция департаменті Шамалған станциясының теміржол өткелінде және Сарыөзек кентінің екі өткелінде бейнебақылау камераларын орнатты. Барлығы 81 өткелде деректерді автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйесімен жабдықтау жоспарлануда.

қтж

 Қандай заңнамалық құжаттар теміржолдағы қайғылы жағдайлардың азаюына септігін тигізуі мүмкін?

– Компания үшін теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету қашан да басымдыққа ие. "ҚТЖ" ҰК" АҚ  өз құзыреті шеңберінде және қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін ҚР Әділет министрлігіне "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жолдады. Бұл өзгерістер қозғалыс қауіпсіздігін бұзу жағдайларына, жол-көлік оқиғаларына, сондай-ақ теміржолдар арқылы белгіленбеген жерлерден өтуге, темір жолдарға бөлінген жолақтарда мал жаюға жол берген кінәлі адамдарға әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікті қатайтуға бағытталған.

Осы өзгерістерді қабылдау кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартудың  бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, тиісінше олардың заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттырады.

Талқылау