"Террористер жарып жібермек болған": Енді Қожа Ахмет Яссауи кесенесін арнайы күзет бақылайды
Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі арнайы күзет қызметінің бақылауына өтеді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі дархан Сатыбалды мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатынд БАҚ өкілі өңір әкімі Дархан Сатыбалдыдан осыған дейін ұлттық қауіпсіздік қызметі Яссауи кесенесін әлдебіреулер жарып жібермекші болғаны туралы ресми мәлімет таратқанын айтып, тарихи нысанның қауіпсіздігі жайлы сұрады.
Аймақ басшысы кесененің қауіпсіздігі қазір үкімет деңгейінде талқыланып жатқанын айтты. Оның сөзінше, "кепілдікті ешқашан ешкім бере алмайды".
“Кепілдікті ешкім, ешқашан бере алмайды. Кім не ойлағанын ешкім білмейді ғой. Ондай жағдай ақпан айында болды. Мен өзім де БАҚ өкілдері арқылы естідім. Менің білуімше, Тәжікстанның ба басқа елдің азаматы сондай іс-қимыл жасағысы келген деп. Оның көзқарасын, неге ондай шешімге келгенін білмеймін. Кейбіреулер "серік қосу, тағы басқа нәрселер" дейді. Оның не үшін, не оймен барғанын айта алмаймын”, - деді облыс әкімі.
Дархан Сатыбалды кесене қауіпсіздігі бойынша үкіметке хат жазғанын да айтты. Тарихи орын стартегиялық нысандар тізіміне енгеннен кейін, оның қауіпсіздік шаралары арнайы күзет қызметі арқылы іске асырылады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті террористер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жарып жібермек болды деген ақпарат таратқан еді. ҰҚК мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ұлғайған лаңкестік қауіп тұрақты күйінде қалып отыр.