Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көз жасымды тыя алмадым": Алтынбек Қоразбаев "Қара шал" толғауының шығу тарихын айтып берді

Ел аузында жүрген хит әндердің авторы, композитор Алтынбек Қоразбаев халыққа кеңінен таралған толғауларының шығу тарихын баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Бағдарламадан скриншот 

Халық әртісі “Хабарlike” бағдарламасында қонақта болып, жүрегіне әсер еткен оқиғасын бөлісті. 

“Қара шал” деген толғауымның жарыққа шыққанына – 37 жыл. Одан әрісі толғауларыма 40 жылдың көлемі болды. Бұл – өмірден алынған толғау. Ұзақ болса да, қысқаша айтып берейін. Осыдан он жылдай бұрын ғой деймін, мені “Хабар” арнасына қарттар үйі туралы қонаққа шақырды. Сонда Алматыдағы Момышұлы көшесіндегі қарттар үйінен бірнеше азаматты алып келді. Мен домбырамен "Қара шал" әнін орындауым керек. Журналист жігіт бір асқақалға сұрақ қойды. "Аға, үш балаңыз бар екен. Сіз неге мұнда жатсыз?" деді. "Ай, қарағым-ай, екі қызымның біреуі тұрмысқа шығып кетті, бір қызым аурушаң болды, ауруханадан көз ашпайды. Ал ұлым полковник деген дәрежеге дейін көтерілді. Қара басып, әйелінен ажырасты. Менің кемпірім қайтыс болып кетті. Жалғыз балам күндіз-түні арақ ішті. Қайтемін?! Осы жаққа әкеліп тастады, қарайтын ешкім жоқ. Жасым 80-ге жақындап қалды" деп боздап жылап отыр. Сонда журналист "зейнетақы картаңызды неғыласыз?" деді. "Балама беремін" деді. "Балаңыз арақ ішсе, оған неге бересіз?" десе, "Шырағым-ау, сол балам жүрегіңді бер десе, жұлып бере қоямын" деді. Мен боздап көзімнен жас ағып кетті. Залда отырып, көзімнің жасын тыя алмадым. Көңілім босағандықтан әнімді де дұрыс айта алмадым. Қандай тағдырдың тауқыметі?! Осындай мысал әңгіме көп", – деп өткенді есіне алды композитор. 



Айтуынша, халыққа кең таралған толғаудың арқасында ата-анасымен табысып, оларға қарайласып отырған бала көп көрінеді. 

“Жамбыл облысында тағы бір шалмен кездестім. Жылап отыр. Жалғыз баласы ішкілікке салыныпты. Арақ деген азапты өмірге әкелетін дүниеге жоламау керек. “Еліме сүйегімді апарып жерлейтін адам жоқ” деп боздағанда, сай сүйегің сырқырайды. Осындай ауыр оқиғаларды естімей тұра алмадым. Бірақ “Қара кемпір”, “Қара шал” шыққаннан кейін, беті бері қарап, қарттар үйінен әке-шешелерін алып кетіп жатқан жастарды да естідім. Шын қуандым. Менің әнім жүрекке жетіп жатса, одан сайын шабыттанасың ғой”, – деді халық әртісі.

Еске салайық, "Балаларын мойындамай, жария еткеніме ашуланғаны рас" деп Сандуғаш Стамғазиева сазгер Алтынбек Қоразбаевтан екі қызы барын жасырмаған еді. 

Талқылау