“Менің жеңіс жолындағы тарихым”: Қостанай облысында Ұлы Жеңіс қарсаңында тұрғындар челленджге қатысып ата-баба ерліктерін еске алуда
Қостанай облысында Ұлы жеңістің 80 жылдығы қарсаңында “Менің жеңіс жолындағы тарихым” атты челлендж басталды. Аймақ тұрғындары шараға белсенді атсалысып, өз ата-бабаларының соғыста қандай ерлік көрсеткендерін бөлісуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шараны ұйымдастырушылар баршаны науқанға қатысуға шақырды.
“Достар! Тарихымыздың маңызды күн – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да жақындап қалды! Бұл күні бізді қорғап, соғыста қаза тапқан батырларымызды еске аламыз! Ұлы Жеңіске жетуге өз үлесін қосқан туыстарымызды, жақындарымызды, отбасы мүшелерімізді еске түсірейік!
10 сәуірде Қостанай облысында "Менің Жеңіс тарихым" онлайн флешмобы басталады. Сізге жақын, үлгі тұтатын батырдың оқиғасы мен жеңіске жету жолын бізбен бөлісіңіз! Олардың үлкен шайқасы, тылдағы ерен еңбегі, госпитальдардағы ауыртпалықтары, концлагерьде қамауға алынуы немесе Ұлы Отан соғысы жылдарындағы табандылығы туралы баршаға баяндаңыз”, – делінген хабарламада.
Науқанға қатысу үшін:
- видео жазба дайындайсыз;
- соғысқа қатысқан туыстарыңыздың суреттерін, соғыс жылдарындағы отбасылық мұрағаттық суреттерін орналастырыңыз;
- астына мәтін жазып, оны әлеуметтік желідегі парақшаңызға #МеніңЖеңісТарихым, #Жеңіске80Жыл атты арнайы хэштегпен орналастырыңыз
Облыс тұрғындары бұл бастамаға қазірдің өзінде қолдау көрсетіп белсенді түрде қатысып жатыр.
“Әкем Құлет Сәрсекеев 1943 жылы соғысқа аттанып екінші Белорус майданында116-шы жолдық құрамында 28-ші батальонда жүргізуші болған. Фашистердің самолетінің бомбаларының, артиллериялық оттың астында жауінгерлерге қару-жарақ, жарақаттанған жауінгерлерді госпитальге жеткізу үшін күні-түні жүрген. Соғыстағы ерлігі үшін 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалімен және жеңістің мерекелік медальдарымен наградталған. Соғысқа қатысқан аталарымыздың ерліктері біздің санамыздан өшпейді”, – деп жазды челленджге қатысушылардың бірі Гүлбану Сәрсекей.
Ал тағы бір тұрғын Татьяна Сергеевна 1941 жылы соғысқа шақырылып, 33-ші жеке байланыс батальонында радиотелефонист қызметін атқарған бабасы Павел Шкоденко туралы жазды.
“Бабам кіші сержант шенінде болған. Павел Никонович "Германияны жеңгені үшін" және "Ерлігі үшін" медальдарымен, сондай-ақ КСРО жоғарғы бас қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы И.В. Сталиннің Гдыня қаласы мен портын шабуылдау кезіндегі жауынгерлік ерлігі үшін алғыс хатымен марапатталған. Ол Берлинге дейін жетіп, 1945 жылы әскерден босатылды. Соғыс жылдары бойы жарақат та, контузия да алмаған. Қолымда мен үшін өте қымбат бір фотосурет бар. Онда менің соғыс ардагері бабам Павел Никонович Шкоденконың отбасы бейнеленген”, – деп жазды ол.
Челленджде өзге де тұрғындар: Петр Чидаев, Пётр Стадниченко, Михаил Ивакин, Устин Юрченко, Қапар Төртбайұлы және тағы да басқа соғыс ардагерлері туралы түрлі видеолар жариялап, оқиғаларымен бөлісті.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты