Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арқалық тұрғыны су тасқынынан келтірілген залалды өтету үшін әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты

Қостанай облысында сот су тасқынынан зардап шеккен зейнеткердің құқығын қорғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Қостанай облысының Арқалық қалалық сотына азамат С. Арқалық қаласының әкіміне төтенше жағдай салдарынан келтірілген материалдық зиянды өтеу туралы арызын қабылдауға міндеттеу туралы талабымен жүгінген.

2024 жылғы 28 наурызда Арқалық қаласының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал сәуір айының басында С.-ның тұрғын үйі су тасқынының нәтижесінде зардап шекті.  2024 жылдың мамыр айында жәбірленуші Арқалық қаласы әкімдігіне  тұрғын үйіне келтірілген материалдық залалды өтеу туралы өтінішпен жүгінді. Әкімдік өтініштерді қабылдау мерзімінің аяқталуына байланысты,  С.-ның арызын қараусыз қалдырады.

Төтенше жағдай кезінде әкім зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды  бағалау және өтеу жөніндегі комиссияны құрады. Комиссияға жүгіну мерзімі, төтенше жағдай туындаған күннен бастап 30 күнтізбелік күнді құрайды.



"Сот назар аударған бірінші бұзушылық – бұл жәбірленушінің өтініші комиссияның қарауына берілмеген. Жергілікті атқарушы орган оны заңды негіздерсіз,  өз бетінше қараусыз қайтарған. Екіншіден, сот арызданушының жергілікті атқарушы органға отыз күн ішінде жүгіну мерзімі өтіп кетпеген деген тұжырымға келді, себебі, әкім зардап шеккен тұлғаларға Комиссияға жүгіну құқығын түсіндіру үшін жеткілікті шаралар қабылдамаған.  Оны жоққа шығаратын дәлелдемелер сотқа ұсынылған жоқ”, – делінген ақпаратта. 

Соттың пікірі бойынша арыз уақытында жазылған.

"Үшіншіден, төтенше жағдай режимі тоқтатылған жоқ. Демек, арызды төтенше жағдай туындаған сәттен бастап отыз күндік мерзім шінде беру туралы әкімдіктің талабы, әділдік пен парасатылық қағидаларына сәйкес келмейді, азаматтың заңмен қарастырылған залалды өтеуге деген құқығынан айырып отыр. Сот талап арызды толығымен қанағаттандырып, Арқалық қаласының әкімін жәбірленушінің материалдық залалды өтеу туралы арызын қарастыру үшін қабылдауға міндеттеді”, – делінген хабарламада.

Мән-жайларды ескере отырып, сот шешімінің аталған бөлігін дереу орындауға жіберді.

Еске салайық, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин су тасқыны кезінде малынан айырылған қазақстандықтардың шығыны өтелгенін мәлімдеген.

Талқылау