Қошанов коронавирус жұқтырды: Мәжілісте маска тағу міндеттелді
Мәжілісте медициналық маска тағу міндеттелді. Мұндай шешім парламенттің төменгі палатасының спикері Ерлан Қошанов пен тағы басқа бірнеше депутат коронавирус жұқтырып алғаннан кейін қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлауына байланысты президенттің іс басқармасы медициналық орталығының бас санитария дәрігері Айгүл Темірғалиева 7 ақпаннан бастап парламент мәжілісі ғимаратында маска тағу мен басқа да алдын алу шараларын міндеттеді.
Мәжілістің баспасөз қызметі жиналыс пен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн-форматқа ауысатынын немесе маска тағу тәртібі мен санитария нормалары қатаң сақтала отырып өтетінін мәлімдеді.
Бұған дейін мәжіліс спикері Ерлан Қошанов коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Сонымен қатар тағы да 5-6 депутаттың ПТР-тесті инфекция бар екенін көрсетті. Сол себепті олар мәжілістің пленарлық отырысына қатыса алмады.
Бұған дейін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейесус әлемде COVID-19 ауруының қайтадан өршуіне байланысты маска режимі мен вакцина салуды жалғастыру керегін айтқан еді.