Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуіммен қоштасып та үлгермедім": Блок-бекетте қаза тапқан полицейдің әйелі қайғылы жағдай туралы айтып берді

Алматыдағы блок-бекетте жантүршігерлік апат жасап, қос полицейдің өліміне себеп болған күдіктінің анасы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол бауыр еті – баласының қасақана адам өлтірмегеніне сенімді. Айтуынша, Азат Азаматовтың ішімдікке әуестігі жоқ. Ал осы апаттан қаза тапқан полицейдің жақындары оқиғаның ақ-қарасын анықтауды сұрап отыр. Қара жамылған отбасы кінәлінің әділ жазалануын сұрайды.

"Сенбеймін, сенбеймін. Қасақана адам өлтірді дегенге мен сенбеймін. Ешкім де ойламайды ғой. Мен өз баламды сондайға барады деп айтпаймын ғой, дұрыс па? Ол ішпейді де, темекі де тартпайтын", - дейді кінәлінің анасы Клара.

Алайда қалалық полиция департаментіндегілер күдіктінің сол сәтте мас болғанын мәлімдеген. Апат кесірінен қаза тапқан Дастан Әбдіқановтың отбасы әлі есін жия алар емес.

Сержанттың әйелі: "күйеуіммен қоштасып та үлгермедім", -деп көзіне жас алды. Өйткені ол түнгі ауысымға кететін күні жақындарына айттап жүріпті.

Жалпы, карантин басталғалы Дастанның жұмысы көбейген. Десе де, блок-бекеттегі кезекшілікке екі-үш рет түсіпті.

"Бұл блокпостқа бірінші рет барды. Үш ай бойы ауыр жағдайда істеді ғой. Бұлардың бәрі ауыр жағдайда жүрді", - деді марқұмның жұбайы.

Оның айтуынша, Азат Азаматов апат болған күнге дейін форма киіп, Алмалы аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен. Қайғыдан қан жұтқан оның анасы істің ақ-қарасын анықтауды президенттен сұрады.

"Үш адамның отбасын ойрандап кетіп отыр. Үш отбасында қанша баланың болашағы қалды, қанша жар еңіреп қалды, қанша ана, қанша әке қан жұтып қалды. Оның өзі осы үш отбасының басына келген үлкен қайғы-қасірет. Ол адам жер басып жүрер, өмір сүрер, тамақ ішер, ұйықтар, бірақ мен ойлаймын, түптің-түбінде Алла жазасын береді", - деді марқұмның анасы Жанатгүл Әбірова.

Айта кетейік, марқұм Дастан Әбдіқановтың енді ғана қырқынан шыққан ұлы бар. Қаза тапқан екінші полицей Жарас Жанғазиевтің артында қос қызы мен жүкті әйелі қалды. Ал бір ажалдан аман қалған үшінші тәртіп сақшысы дүйсенбіде жан сақтау бөлімінен палатаға шығарылған.

"Ербұлан Сейдазымның жағдайы тұрақты", - дейді дәрігерлер.

Еске салайық, өткен дүйсенбіде таңғы 5 жарымда BMW автокөлігі блок-бекетті бұзып өтіп, патрульдік машинаға соғылған. Көліктегі аға лейтенант сол жерде тіл тартпай кетсе, қасында отырған сержант ауруханада жан тапсырды. Қазір жантүршігерлік жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тізгінге мас күйінде отырып, блок-бекетті жарып өткен жүргізуші екі айға қамауға алынған. Әріптестерінің өліміне себеп болған күдіктінің енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, қалалық полиция департаментіндегілер Азат Азаматовтың жұмыстан нақты қашан шығарылғанын сол күйі айтпады. Оқиға болған жердегі "Сергектің" видеосы да жарияланған жоқ.
 

Талқылау