Коронавирус пандемиясы Қазақстандағы бала туу көрсеткішін рекордты деңгейге жеткізді
Коронавирус пандемиясы мен шектеулердің бір пайдалы тұсы – елімізде бала туу көрсеткішінің артуы. 2021 жылы Қазақстанда "коронавирусқа дейінгі кезеңмен" салыстырғанда 11%-ға көбірек бала дүниеге келген.

Ал биылғы жылдың үш айында 95,6 мың туу туралы акт тіркелді. Яғни бэйби-бум 2022-де де жалғасын табуда.
Бала туу коэффициенті бойынша 2021 жылы жаңа рекорд орнады: әрбір 10 мың қазақстандыққа 235 жаңа туған сәбиден келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, осыдан 20 жыл бұрын 149 баладан келетін еді.
Сондай-ақ, туудың қосынды коэффициенті 3,32-ге жетті, басқаша айтар болсақ, енді бір әйелге кемі үш баладан келеді. Мұндай рекордты көрсеткіш Қазақстанда тек соңғы екі жылда тіркелген. Салыстырсақ: 1999 жылы коэффициент небәрі 1,8-ді құраған болатын. Яғни екінші баланың өзін барлық әйелдер тумаған.
Атап өтерлік жайт, 2021 жылы дүниеге келген балалардың 28%-ы, яғни 125,1 мың бала көпбалалы отбасында туған. Оның ішінде 95 сәби бала саны оннан асатын отбасын толықтырған.