Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көмегі қанша адамға тиіп жатыр": Дана Нұржігіт билік өкілдерінен Дәулет Мұқаевқа қолдау көрсетуді сұрады

Дана Нұржігіт блогер Дәулет Мұқаевқа қолдау көрсетті. Сенат депутаты жас жігіттің еңбегі мен көмегін айтты. “Дәулет нағыз ХХІ ғасырдың көшбасшысы атағыға лайық азамат” деп баға берді. 

Дана Нұржігіт кезінде өздері жолдама беріп, қолдау көрсеткен Дәулет Мұқаевты нағыз білімді азамат деп бағалады. Карантин кезіндегі халыққа тген көмегі, қаржылық сауаттылығын сөз етті. 

“Мен Дәулет туралы айтқым кеп тұр. Кезінде 9-сынып оқып жүргенде “ХХІ ғасырдың көшбасшысы” бағдарламасына келген еді. Біз оның көзінің жанып тұрғанын байқадық. Оты бар бала еді. Үлкен додаға жолдама беріп жібердік. Енді сол үмітіміз ақталып отыр. Оның жемісін бүкіл қазақстандық көріп отыр. Карантин кезінде де қанша адамға тыныс алу аппаратын жеткізді. Дәл сол хабардан шыққан балалардың көмегін ел көрді. Дәл сондай Дәулеттерді қолдауымыз керек. Бізге сондай жастар керек. Оларға жоғарыдан қолдау болса деп ойлаймын”, – деді сенат депутаты. 

Дана Нұржігіт Ералы Лұқпанұлының бастамаларына қолдау білдірді. 

“Бүгін сенатта 3 сағатқа жуық "Жастар саясаты" мәселесі талқыланды.
Депутаттар, вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкімет мүшелері, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері, онлайн байланыс арқылы жергілікті атқарушы билік өкілдері жастарға қатысты бүгінгі жағдай мен жедел түрде қолға алу керекті шараларды талқыладық. Ералы Лұқпанұлы айтқан көптеген бастамалар көңіл көншітерлік.



1.Мектептерге "еңбекке баулу"сабақтары қайтарылады

2.Жоғарғы сынып оқушыларын мамандық таңдауға бағыттайтын арнайы мамандар-профориентаторлар жұмыс істейтін болады

3.Кәсіби-техникалық орта білім алу тегін болады.

Жиын өте мазмұнды болды. Жұмыссыздық,тұрғын үй,құмар ойындар,білім алу т.б. мәселелер кеңінен талқыланды. Қазақстан – жас мемлекет.
Соңғы жылдары бала туу көрсеткіші де жаман емес. Сондықтан жас ұрпақ саясатын тыңғылықты етіп жасау стратегиялық,ел қауіпсіздігі үшін маңызы зор іс. Шешімдер ұтқыр, ісіміз нәтижелі болсын деп тілеймін”, – деді Дана Нұржігіт.

Дәулет Мұқаев Дана Нұржігітке алғысын айтып, ризашылығын білдірді. 

“Дана апайдың мына сөздерін естіп, көзіме еріксіз жас келді. Керемет әсерлі сөздер... Кеше парламентте вице-премьердің өзі Ералы Лұқпанұлы мен жасап жүрген игі істер жайлы, менің командам жайлы біраз нәрсе айтқан секілді🤭 Құлағым біраз шуылдады. Елім маған не береді деп емес, еліме мен не беремін деп жүрген жанның бірімін. Миллиондаған адамның барлығын бірден өзгерту мүмкін емес, бірақ бір адам 10 адамды, сол 10 адам 100 адамды, 100 адам мыңдаған адамды жақсы жаққа өзгерте алады. Жарқын жақтағы өмірді қаласақ, өзіміз жақсылыққа ұмтылуымыз керек”, – деп жазды Дәулет парақшасында. 

Желі қолданушылары өз ойын білдіріп, алғысын айтып жатыр.

“Ешбір қоспасыз, әділ шындықты айтыр отыр. Дәулетті билік басынан көрсек, балаларымыздың болашағы жарқын болады деген ниеттемін”, “Керемет. Еліңнің Дәулеті бол, Дәулетжан”, “Ақ жүрегіңіз бен ақ көңіліңіз кірлемесін”, “Дәулеттер көп болса жаңа Қазақстанды әлбетте құрамыз, қазір заман ақшаның емес, білімнің заманы!”, “Аллаға шүкір, еңбегің жансын Дәулет балам. Жастарымыз көбейсін білімді, ақылды, еліне қамқор болатын. Аман бол”, “Бәріміздің көзімізге еріксіз жас келді... Аман жүр, қазақ деп соққан жүрегіңе рахмет. Сендей, сен сияқты азаматтар барда Қазақстан тек алда болатынын сенемін”, – деп жазды олар.

Талқылау