Тапсырыспен кісі өлтіріп, бизнеске ықпал еткен: Ыстанбұлда қазақстандықтың өлімінен кейін үш елдің сақшылары арнайы операция жүргізді

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Грузия мен Түркияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Бұл топ тапсырысқа адам өлтіріп, кәсіп саласына ықпал етумен айналысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ІІМ-нің мәліметінше, тергеу Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың өлімінен кейін басталған. Ер адамды сол жерде тапаншамен атып кеткен. Үш елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы нәтижесінде қылмысұа қатысы бар болуы мүмкін екі адам ұсталған.
"Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың себептері анықталып, оны ұйымдастырған және тапсырыс берген тұлғалар белгілі болды. Аталған адамдар трансұлттық қылмыстық орта өкілдері болып саналады және халықаралық іздеуде жүр", – делінген хабарламада.
Жиналған деректер ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) осы топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған басқа да ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берді. Ведомство мәліметінше, қылмыстық топты АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталғаны үшін жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілі басқарған. Алматыда аталған топтың болжамды киллерлерінің бірі ұсталды. Ол 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген. Қылмыс кезінде қолданылған тапанша тәркіленіп, тергеу аяқталған. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс Қазақстан, Грузия және Түркия аумағында трансұлттық қылмыстық топ мүшелерін ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізілгенін хабарлады.
“Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылым мүшелерінің бір тобы ұсталды. Оларға қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр. Қылмыстардың мақсаты – қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы жекелеген диаспоралық топтар өкілдерінің бизнес саласына ықпал орнату болған. Белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдер жинау жалғасуда. Барлық қатысы бар тұлғалар анықталуда. Топ ұйымдастырушысын заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
ОқыңызГрузияда да трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар адамдар ұсталды. Олар бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке әлінуде.
ІІМ мәліметінше, жүргізілген операция трансұлттық қылмыстық құрылымның қызметін тоқтатуға және оның шетелден ықпал ету арналарына тосқауыл қоюға мүмкіндік берді.