Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев 18 жасқа толған жастардың мектепте оқып жүре беруін орынсыз деп атады

оқушы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 18 жасқа толған жастардың мектепте оқып жүре беруі қаншалықты дұрыс деген мәселені көтеріп, осы тәжірибені қайта қарау қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мәселені зерттеп, қажет болған жағдайда тиісті шешімдер ұсынуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе Назарбаев зияткерлік мектептері мен жекеменшік білім беру ұйымдарында қалыптасқан. Тоқаев қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан ертерек жетілетінін ескеріп, бұл мәселені қайта қарау қажет екенін айтты.

“Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды?”, – дейді ол. 

Президент Оқу-ағарту министрлігіне осы мәселені зерттеп, қажет болған жағдайда тиісті шешімдерді ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар Конституцияда белгіленген жалпыға бірдей білім беру стандарты ескерілуі керегін айтты. 

Сонымен қатар Тоқаев Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы жаңа буын мамандарын даярлау ісін мектептен бастап қолға алу керегін айтты. 

Тоқаевтың пікірінше, білікті маман даярлауды тек жоғары біліммен шектеуге болмайды. Бұл бағытта мектептен бастап жоғары білімге дейінгі біртұтас жүйе қалыптасуы керек.

“Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн”, – деді президент.

Сондай-ақ ол қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын жеткізді. Алайда оның пікірінше, бұл жеткіліксіз.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев балаларды фастфуд пен тәттілер жарнамасынан қорғауды талап еткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 14:34