Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорлыққа қорлықпен жауап бергім келді": Бишімбаев Нүкенованы не себепті видеоға түсіргенін түсіндірді

Қуандық Бишімбаев сотта неліктен Салтанат Нүкенованы балағаттап, боқауыз сөздермен интимдік сипаттағы сұрақтар қойған видеоны түсіргенін түсіндірді. Бүгін бұл видеолар оның ұялы телефонынан табылып, сотта көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Бұл видеолар 9 қарашада, яғни Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні түсірілген. Бастапқыда Бишімбаев оларды "монтаж" деп атаса, бірақ кейіннен оларды түсіргенін мойындады. Судьядан неліктен бұлай істегенін сұрағанда, сотталушы "қорлыққа қорлықпен жауап бергісі келгенін” алға тартты.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова өз кезегінде Нүкенованың беті қан жоса болғанын, соңғы бейнематериалдарда көздері ісіп, аша алмай қалғанына назар аударды. Бұған жауап ретінде Бишімбаев сол сәтте оған өлім қаупін көрмегенін айтуды жалғастырды.

“Мен өлім қаупін көрмедім, оның өміріне қауіп төніп тұр деп ойламадым”, – деді экс-министр сотта.



Бұған дейін Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың телефонынан қарындасының видеосын көріп, көз жасын тоқтата алмағаны хабарланған. Оның алдында Бишімбаевтың телефонынан Нүкенованы сұрақтың астына алған видеолар табылғаны жазылған.

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау