"Қорқынышпен өмір сүріп, Алладан жазаңды күт": Тұрлыхановтың ұлынан таяқ жеген адвокат енді депутаттың қызы сес көрсеткенін айтты
Заңгер Анна Чернова депутат Дәулет Тұрлыхановтың қызы өзіне қарғыс жаудырып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фотода Нұрасыл Болат (жасөспірім кезі) пен оның әпкелері және адвокат Олег пен Анна Черновтар
Заңгерлер Олег пен Анна Черновты соққыға жыққаны үшін екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған Нұрасыл Болаттың үкімі бүгін бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Себебі сотталушы тойға бару арқылы пробация тәртібін бұзған. Алматы сотының шешімімен депутат Тұрлыхановтың ұлы қалған 1 жыл 5 ай мерзімін орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейтін болады.
"Болат Нұрасылдың әпкесі бізге қарғыс жаудырып жатыр. Біз мұны қорқыту деп есептейміз. Енді күн сайын денсаулығыма қандай зиян келеді деп қорқумен өмір сүруім керек пе? Балаларымды да атап өтіпті. Сотталушының туыстарының есіне салғым келеді, сотталушының әрекеті үшін үкім Қазақстанның жоғарғы сотымен шығарылып, жаза Медеу аудандық сотымен ауыстырылды. Мұның барлығы біз емес, заң бойынша жасалды", — делінген Анна Чернованың жазбасында.
Заңгер бұлай жалғаса берсе сотқа қайта шағымданатынын атап өтті.
"Заңды елемеу, жауапкершілікті жәбірленушілерге жүктеу – 90-шы жылдардың қалдығы. Осы және басқа да фактілер бойынша құқық қорғау органдарына, сондай-ақ ар-намысты, абыройды және іскерлік беделді қорғау үшін сотқа шағымдануға құқылымын. Бұл отбасы бізді жайымызға қалдырғысы келмейді, жалғасын күтіп жүрген сияқты", – дейді заңгер.
Тұрлыхановтың қызы бауыры Нұрасыл Болаттың түрмеге отыруға лайық қылмыс жасамады деп есептейді. Әйел президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Черновтар отбасын алаяқ деп айыптады.
“Екі мас адвокат бауырымды арандатып, балағаттап, ортаңғы саусағын көрсетіп, ертеңіне сотқа беру үшін телефондарын алдын ала дайындап қойған! Судья оларға "өздерінің" дәрігері жазып берген жалған медициналық анықтамасын әкелуге рұқсат берген", – деп жазды Тұрлыхановтың қызы.
Оның айтуынша, Черновтар "төбелестен кейінгі күні Тұрлыхановтың есігінің алдына сап-сау келіп", олардан 50 мың доллар талап еткен.
"Бұл қашанға дейін жалғасады? Біздің отбасымызды емін-еркін қаралайтын Черновтар кімдер? Менің ата-анам соңғы екі жылда екі рет инфаркт алды. Нұрасылға электронды білезік тақтыңыздар. Енді ше? Ол досының туған күніне осы білезіктің қуаттағышын алу үшін ғана барған. Осы үшін 21 жастағы жігітті түрмеге отырғызу қажет пе? Ол Қазақстан әскерінде борышын өтеген жігіт. Оның өмірін құрттыңыздар", – деп жазды Дәулет Тұрлыхановтың қызы.
Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеген еді. Көп ұзамай оның үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашында депутаттың ұлы айыппұлмен құтылғанымен, кейін Жоғарғы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын берді.
Бұған дейін де желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген видеосы тараған еді. Кейіннен желіде оның тойда жүрген видеосы тарады.