Көптоғайда орнатылған шекара қоршауларын қайта бұзып тастады: Желіде видео тарады
Көптоғай ауылы маңындағы Қиғаш өзенінің бойында орнатылған шекара қоршауларын алып тастағаны туралы ақпарат пайда болды. Видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Автордың айтуынша, Көптоғай ауылы тұрғындарының наразылығын тудырған қоршаулар алынып жатыр.
"Кеше тұрған, екі елді бөлген қоршауларды бүгін алып кетіп жатыр. Бұйрықпен алып кетіп жатырмыз дейді. Неге? Кеше құрды ғой, халық көтерілгеннен кейін алып кетіп жатыр", - дейді автор.
Өз кезегінде "Ақ Жайық" өңірлік басылымы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиевке сілтеме жасап, шекара қоршаулары бұзылғанын хабарлады.
Бұған дейін Мұрзиев қоршауларды орнату уақытша тоқтатылғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 14 сәуірде Атырау мен Астрахань шекарасында жаңа қоршаулар салына бастады.
Шекара маңындағы Көптоғай ауылының халқы наразылықтарын білдіріп, жағдайды түсіндіруді сұрады.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері түсіндіргендей, "2013 жылдың мамыр айында орнатылған №23 және №24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына қарай 10-70 метрге аралықта орналасқан".
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ұзындығы 1800 метр қоршауларды тұрғызу үшін инженерлік жұмыстарды Көптоғай ауылында жүргізіледі.