Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көптік жалғауы жалғанбайтын сөздер

Тілімізде көптік жалғауы орынды-орынсыз жалғана беретін тұстар көбейіп кетті. Кейбірі әдет бойынша қате жіберсе, ал кейбіреуі сөздің мәніне бойламай қателеседі. Бүгінгі материалымызда көптік жалғауы жалғанбайтын сөздерге талдау жасаймыз.

1.    Қазіргі таңда «Біз» сөзін «біздер» деп қолданушылар көп. «Біз» онсыз да көптік мағынаға ие. Оған тағы да көптік жалғауын жалғаудың қажеті жоқ.

2.    «Көз» сөзі. Бұл сөз де көптік мағынаға ие. Оны «көздер» деудің қажеті жоқ. Себебі қалыптасқан түсінік бойынша екі көз болады.

3.    «Барлық» сөзі. Барлық сөзінде де көптік мағына бар. Қате қолданушылар бұл сөзді «барлықтары» деп айтады. Бұл да – қате. 

4.    «Барша» сөзі. «Баршаларыңызға қайырлы таң!» дегенді жиі естиміз. Бұл да – дұрыс емес. Дұрысы – «Баршаңызға қайырлы таң!».

5.    «Халық, жұрт» сөздеріне көптік жалғауын жалғамаймыз. Бұл сөздер онсыз да көптік мағынаға ие. 

6.    «Көптеген, көп» сөздерінен кейін де көптік жалғауын жалғамаймыз. Мысалы, көптеген қалалар, көп адамдар деген дұрыс емес. Дұрысы – көптеген қала, көп адам. 

7.    «Бірнеше, бірталай, талай, біраз, қаншама, әлденеше, бірсыпыра, қыруар, мол, топ, әр түрлі, түрлі» сөздерінен кейін келген сөзге де көптік жалғауын жалғамаймыз. Себебі онсыз да көптік мағынаға ие.

8.    Сөздің алдынан сан есім келгенде де көптік жалғауын жалғамаймыз. Мысалы, он дәптерлер емес, он дәптер немесе жүз отбасылар емес, жүз отбасы. Бұл жерде заттың саны көрсетіліп тұр, сондықтан көптік жалғаудың қажеті жоқ.

9.    Сөздің алдынан пайыздық көрсеткішті көрсеткен кезде көптік жалғауы жалғанбайды. Мысалы, 55% ұпайлар демейміз, 55% ұпай дегеніміз дұрыс.

Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.

Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр