Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларым тоқтамай жүгірді": Жұбайынан айырылған көп балалы әкеге қазақстандықтар алты бөлмелі үй алып берді

Алматы облысының тұрғыны көп балалы әке Асқар Омаров екі жыл бұрын коронавирус пандемиясы кезінде жұбайынан айырылған. Бес баланың анасы кенжесін дүниеге әкелген соң, сәбиін қолына да ұстай алмай, ауруханада жатып, қайтыс болған. Басына қиын күндер түскен отбасыға қазақстандықтар жұмыла жәрдемдесіп, 20 милионнан аса қаражатқа екі қабатты үй алып берді. Былтыр отбасы кішкентай күркеде тұрып жатқанда редакциямыз үйлеріне барып, жағдайларын көріп қайтқан еді. Оқырмандарымыз да отбасыға қаржылай көмек берген. Енді міне бір жылдан соң үйлі болған отбасының қуанышын бөлісуге Еңбекшіқазақ ауданы Есік ауылына жол тарттық. 

Асқар Омаров, отбасымен, Stan.kz

Бүгінде 38-ге келген Асқар Омаров – құрылысшы. Бес баласының жалғыз асыраушысы. Ауылдағы үйіне келген бізге жөндеу жұмыстарын өзі жасағанын айтып, шаңырағын көрсетті. Қазіргі уақытта жағдайының жаман емес екенін айтады. Ол баспаналы болғанына өзіне жәрдемдескен барша азаматқа алғысын жаудырды.

Оның сөзінше, үйге қаражатты еріктілермен қоса, өзін атамауды сұраған кәсіпкер тарту еткен.

“Пәтерде тұрдық, өзіңіз көрдіңіз жағдайы қандай болғанын. Елдің арқасында үйге ақша жинадық. Негізгі соманы бір кісі берді, кәсіпкер. Қалған сомаға қосып, үйді таңдап алдық. Рахмет, елдің арқасында үй алдық.

Менде үй аламын деген жоспар болмаған. Бірақ арманым болды. Қазан айында үйге кірдік. Бір жылдай болды тұрып жатқанымызға. Үйіміз барлық жағынан ұнайды. Ыстық су, бәрі бар”, – дейді жалғызбасты әке. 

Айтуынша, бастапқыда бұл үй ескілеу, бөлмелері тар болған-тын.

“Мына жерде кішкентай бөлмелер болды, кеңейттім, санузел болды, оны да қайта жасап шықтым. Тұруға өте қолайсыз, ескі болды. Осының бәрін бұзып, жасап тастадық”, – дейді ол.

Үйде алты бөл ме бар. Жалпы аумағы 150 шаршы метрдей. Ескі үйді өзім жөндеп, тұруға қолайлы етіп жасадым дейді Асқар. Тар бөлмеде қысылып тұрған балаларым үйге бірінші рет келгенде тоқтамай жүгірді деп есіне алады.



Көп балалы әкенің бес баласы бар: екі ұл, үш қыз. Ортаншы қызы мен үлкен қызы жақын жердегі мектепте оқиды, қалғандары балабақшада. Ең алғаш рет үйге кірген күндерін отбасы қуанышпен еске алады. 

“Бала-шағам осында келгенде тоқтамай жүгірді. Үйді 21 миллион теңгеге алдық, 12 миллион теңгені кәсіпкер қосып берді. Оған дейін бірталай адамдар келіп, азық-түлікпен көмектескен”, – дейді Асқар.

2020 жылы Асқардың жүкті әйелі ауруханадан коронавирус жұқтырған.

"Екіқабат болған кезде әйелім қалаға Акушерлік және гинекология институына барып, бес күн жатып келді. Бізде бәрі жақсы болар еді. Сол жақтан мен оны үй жаққа алып кеттім. Кейін тағы қан қысымы, қызуы көтерілді. Сөйтіп жатқан күйі оны ауруханаға алып кетті. Ол жерден әйелім жылап хабарласты, өзінен коронавирус табылғанын айтты. Ауруханада жұқтырған болып тұр.

Барған соң теріс нәтиже көрсетсе, үйге келген соң оң нәтиже шыққан. Перзентханадан инфекциялық ауруханаға алып кетті. Сол кезде бәрі жақсы болады деп ойладық. Соңына дейін үміт үзілмеді", –  деген еді көп балалы әке бұған дейінгі сұхбатымызда

Асқар Омаров отбасымен, бір жыл бұрын, Stan.kz

“Әйелім босанған соң бірінші күні қызымды ауруханадан алып кеттім. Әйелім видеомен хабарласып, кішкентай қызымызға: “Ой сен бірінші келіпсің ғой үйге” деп айтқан еді. Күліп қараған еді, сәбиін қолына да ұстай алмады ғой, – дейді Асқар.

Сөзінше, балалары анасын сұрап тұрады. Қазір Асқардың анасы Зәуре немерелерін қарайласуға көмектеседі. 

“Аналарың аспанда, сендерді қарап отыр. Сендер күлсеңдер ол да күледі. “Ақылды болыңдар!” деп балаларыма жұбату айтамын”, – дейді Асқар.

Асқардың ендігі жоспары балаларына қарайласатын ана, өзіне лайық жұп табу.

“Әйелдің көңіл бөлек қой, балалар үшін маңызды. Онсыз болмайды. Кенже қызым екіге де толмаған. Бастысы балаларымды жақсы көрсе, әйелдің аты әйел” – дейді жалғызбасты әке.

Асқар – құрылысшы. Қолымнан бәрі келеді, дейді. Қазіргі уақытта осы жұмысынан нәпақа тауып, отбасын асырап отыр.

“Жұмыс шыққанда ұсыныстар бойынша барамын, басқа уақытта үйдемін. Шамамен 100 мың теңгедей табыс табамын, балалардың жәрдемақысы бар. Соған күн көріп отырмыз”, – деп қосты жалғызбасты әке.

Ққолымнан келгенше балалардың жағдайын жасап, көтеру басты мақсатым, дейді ол.

“Үйімді жақсылап жасап, кемшіліктерін түзесем деп отырмын, анама тауық қора салдым. Қолымда бар құрылыс заттарымен үйге жөндеу жұмыстарын жүргіземін”, – деп жоспарымен бөлісті Асқар.

Талқылау