Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы сейсмикалық аудит: Қанша үй жер сілкінісіне төтеп бере алмайды

Алматы сейсмикалық күшейту
Фото: pexels.com

Алматыда үйлерге сейсмикалық аудит бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Ғимараттардың ықтимал жер сілкінісі кезіндегі беріктігі тексерілді. Мұндай тексеру қаладағы басқа да нысандарда жүргізілген. Қанша көпқабатты үй күшті жер сілкінісіне төтеп бере алмайтыны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Паспорттау жұмыстарының бірінші кезеңі 2017-2018 жылдары, ал екінші кезеңі 2023-2024 жылдары жүргізілді. Соңғы кезеңнің қорытындысы бойынша беріктігі сыр берген нысандардың тізімі жасалды.

Алматы қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, қалада мұндай 2 834 нысан бар:

  • 192 әлеуметтік нысан;
  • 2 045 жеке нысан;
  • 546 екінші дәрежелі маңызы бар нысан;
  • 51 көппәтерлі тұрғын үй, онда шамамен 2 100 адам тұрады.

Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, көпқабатты үйлердің тізіміне мыналар енген:

  • 39 кірпіштен салынған көппәтерлі тұрғын үй 1930-1995 жылдары тұрғызылған. Олардың қабат саны1-3 қабатқа дейін;
  • 11 қаңқалы-қамысты көпқабатты үй 1921-1962 жылдары салынған. Қабат саны 1-2 қабатқа дейін;
  • 1940 жылы салынған бір монолитті көппәтерлі тұрғын үй бар. Ол 3 қабатты.

Белгілі бір нысанның қаншалықты берік екенін тек мамандандырылған техникалық зерттеу нәтижелері негізінде анықтауға болады. Бұл ретте ғимараттың конструкциясы, салынған жылы, құрылыс материалдары, көтергіш және қоршау конструкцияларының техникалық жағдайы, сондай-ақ оның орнықтылығына әсер етуі мүмкін басқа да факторлар ескеріледі.

Сейсмикалық аудиттен кейін ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі бойынша нысандар картасын жасау жоспарланған. Оның көмегімен тұрғындар өз үйлері туралы ақпарат ала алады деп айтылған. Алайда бұл карта әлі күнге дейін ашық деректе жоқ.

2024 жылы алматылықтар техникалық тексеру жұмыстарының жай-жапсарын анықтауға тырысқан. Алайда бірқатар қиындыққа тап болды. Себебі тексеруді мемлекеттік органдар емес, ҚазҚСҒЗИ (Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты) мамандары жүргізген.

Алматыда қандай ғимараттарға сейсмикалық күшейту жүргізілді?
2017-2024 жылдары Алматыда 82 ғимаратқа сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілді:

  • 64 білім беру нысаны;
  • 16 денсаулық сақтау нысаны;
  • 2 әкімшілік нысан.
"Сейсмикалық күшейту шараларын таңдау нақты нысанды техникалық тексеру нәтижелері мен жобалық шешімдерге байланысты жүзеге асырылады. Қолданылатын конструктивтік шешімдер, технологиялар мен материалдар ғимараттың техникалық жағдайы мен конструкциялық ерекшеліктері ескеріле отырып, жобалық құжаттама негізінде анықталады", – деп түсіндірді Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы.

Ал 51 көппәтерлі тұрғын үйді жаңарту Алматының ескірген тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы аясында жоспарланып отыр. Яғни, бұл үйлер сүріліп, олардың орнына жаңа ғимараттар салынбақ. Алайда бұл жұмыстардың нақты қашан басталатыны әзірге айтылған жоқ.

Айта кетейік, 2026 жылғы 28 қыркүйекте Алматы мәслихатының депутаттары реновация бағдарламасы аясында кейбір жылжымайтын мүлік нысандарын бұзу мерзімдерін 2027-2029 жылдарға ауыстыруды.

 Еске салайық, жаңа Құрылыс кодексіне республикада сейсмикалық тәуекелді азайтуға арналған жаңа міндетті талаптар енгізіліп жатқаны туралы жазған едік. Оларға келесі сейсмикалық қауіпсіздік шаралары кіреді:

  • Жобалауда сейсмикалық оқшаулау жүйелерін пайдалану;
  • Құрылыстың барлық кезеңдерінде сейсмикалық қауіп және тәуекелді бағалау;
  • Құрылымдық жүйелерді міндетті сейсмикалық сынау;
  • Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды сертификаттау;
  • Сыни деңгейдегі I нысандарда инженерлік сейсмометриялық станцияларды орнату;
  • Сейсмикалық факторлар мен сейсмикалық микроаймақтау деректерін ескере отырып, ең қауіпсіз құрылыс алаңдарын таңдау.

Мемлекет басшысы жаңа Құрылыс кодексіне 9 қаңтарда қол қойды. Құжат 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 04 Қазан, 2026 12:16