Соңғы жаңалықтар

"Жаңа туған сәбиін қолына ұстай алмай кетті": Әйелінен айырылған әке бес баласын өзі тәрбиелеп отыр

Коронавирус пандемиясы ешкімге оңай тиген жоқ. Біреулер ағайын-туыссыз, енді бірі асыраушысыз қалды. Олардың ішінде Омаровтар отбасы да бар.  Көп балалы отбасы шамшырақтары, аяулы аналары Нағимадан айырылған. Бүгінде бес бүлдіршін мен олардың әкесі Асқар Омаров Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік ауылында кішкентай күркеде тұрып жатыр. Біз Асқардың тұрғылықты жеріне барып, хәлін біліп қайттық. 

36 жастағы Асқар Омаров - құрылысшы. Алайда қазіргі уақытта жұмыссыз, себебі бес баласын өзі қарап отыр. Олардың анасы жаз айында коронавирустан көз жұмған. Дәл сол уақытта Нағиманың бесінші балаға аяғы ауыр болған. Қызын босанған соң әйел оны қолына алмастан, көз жұмған. 

Қазір Асқарға үй шаруасы мен балаларды қарауға анасы Зәуре көмектесіп жүр. Тұрып жатқан баспанасының жағдайы өте нашар, қыздарының аяқтарынан суық өтіп, ауруханаға жатып шыққан. Омаровтар отбасының бүгінгі арманы - баспаналы болу, әке арманы - балаларын аяққа тұрғызу.

Көп балалы отбасы қайғының зардабын тартып қана қоймай, жылы баспанаға қол жеткізе алмай отыр. 

"Қазіргі уақытта 5 баламмен тұрып жатырмын, жақында әйелім қайтыс болды. Алты ай, бес күн өтті. Қазір балалармен үйде отырмын, анам келіп қарайласып, көмектесіп жүр. 

Жұмыс істеп жатқан жоқпын. Алып кетемін, алып келемін. Ең кіші қызым - жеті айлық. Осы үйде тұрып жатқанымызға он жылдан асты. Үй біздікі емес, туыстардікі. Оған төлеп жатқан жоқпыз", - дейді Асқар. 

Айтуынша, қиындықтар әйелі қайтыс болған соң басталған.

"Әйелім барлығын өз мойнына алатын, сабақ, үй шаруашылығы, тамақты дайындаумен айналысатын. Балаларды қарайтын. Тамақты да жақсы жасаушы еді... Мен тек қана жұмысқа барып келетінмін. Таңертең кетіп, кешке келемін. Құрылысшы болып қалада жұмыс істейтінмін. Карантин басталған соң қалаға шыға алмадық. Сол уақытта әйелім жүкті болды. Жасы 30-да еді, биыл қыркүйекте 31-ге толар еді", - дейді ол. 

Асқар жүкті әйелі ауруханадан коронавирус жұқтырғанын айтады.

"Екіқабат болған кезде әйелім қалаға Акушерлік және гинекология институына барып, бес күн жатып келді. Бізде бәрі жақсы болар еді. Сол жақтан мен оны үй жаққа алып кеттім. Кейін тағы қан қысымы, қызуы көтерілді. Сөйтіп жатқан күйі оны ауруханаға алып кетті. Ол жерден әйелім жылап хабарласты, өзінен коронавирус табылғанын айтты. Ауруханада жұқтырған болып тұр. Барған соң теріс нәтиже көрсетсе, үйге келген соң оң нәтиже шыққан. Перзентханадан инфекциялық ауруханаға алып кетті. Сол кезде бәрі жақсы болады деп ойладық. Соңына дейін үміт үзілмеді", - дейді көп балалы әке. 

Айтуынша, соңына дейін әйелі ауруханадан шығады деп ойлаған.

"Әйелім кесарь тілігі арқылы босанды. Кішкентай қызымды перзентханаға алып кеткен. Оның ПТР нәтижесі теріс болып шықты. Қызымызды тек видео хабарлама арқылы көрген. Whatsapp арқылы көрді, қолына ұстаған да, сүйген де жоқ.

Әйелім жансақтау бөлімінде, инфекциялық бөлімде де жатты. Маған одан смс келді, жансақтауға алып кетіп бара жатыр деген. Хабарлассам, телефонын көтермеді. Содан кейін дәрігерлерге хабарласа бастадым. Қолымыздан келгенін істейміз деді. Дәрігерлер 80 пайыз қауіп бар екенін айтты. Сонда анам жылай бастады. Сол кезде де жаман ойды жолатпадық, не ойласаң сол болады деп", - дейді ол. 

Асқардың сөзінше, келесі күні таңертең әйеліне хабарласқанда, телефонын алмаған. Қаралы хабарды дәрігерлер естірткен. 

"Әйелім телефонын көтермейді. Бірталай хабарластық. Дәрігерлерге шықтық. Әйелім жайлы хабарды айтты. Содан бері алты жарым ай өтті. Адамдар жан-жақтан көмектесіп жатыр, ақшалай, азық-түлікпен", - дейді ол. 

Айтуынша, балалары анасын іздейді, кейбірі тіпті келеді деп күтіп жүрген көрінеді.

"Кейде әйелімнің жоқтығын сезгенде жылайды. "Мамам жоқ бізде, не істейміз" деп. Егіздер қашан біздің анамыз келеді деп жылайды. Анамыз ауруханада жатыр, барайық дейді. Балабақшаға барған кезде неге анамызға бармаймыз деп сұрайды, түнде жылайтын кездері болады. Олар әлі бала...

Ақырындап айта бастадым. Анамыз аспанда бізді көріп жатыр. Сендер жыласаңдар, ол да жылайды деп түсіндірдім. Сендер күлсеңдер, ол да күледі деп айтамын", - дейді жалғызбасты әке. 

Балаларына өзі қарап жатқан Асқардың айтуынша, суық үйден қыздары ауырып төрт баламен ауруханада жатып шыққан. 

"Ортаншы қызым, кішкентай қызыммен ауруханаға түсіп қалдық, бір аптадай жаттық. Үй жылы болса да, еден суық", - дейді ол.

Асқар Омаров балаларына жәрдемақы алатынын айтады. Алайда бұл қаражат оларды толыққанды қамтамасыз етуге жетпейді.

"Үй керек. Біздің арманымыз сол. Үлкен қыздар айтады: "Бізде неге үй жоқ" дейді. Үлкен қызым 9-да. Екі қызым сабақ оқиды, егіздер балабақшаға барады. Балабақшаға екі балаға 26 000 теңге төлеймін", - дейді Асқар. 

Бес баланың әкесі аналарының жоқтығы қатты білінеді дейді, жарын сағынғанын да жасырмайды.

"Жақсы, ақкөңіл адам еді. Әйелімді жақсы көруші едім", - дейді ол. 

Асқардың анасы Зәуре қиындықтың бәрі келіні көз жұмған соң басталғанын айтады. 

"Келінім қайтыс болып, бес бала жетім қалды. Сол кезде қиындық басталды. Келінім болған кезде ештеңе білінбейтін. Ол жоқ болған соң, қазір бәрі білініп жатыр. Бес бала анасын іздейді. Әсіресе екі кішкентай егіздер іздейді. "Мамам қашан келеді?" деп сұрайды. Бұлар жыласа, мен де жылаймын.  Кішкентайымыз мүлдем ештеңе білмейді. Анасы видеодан қызын көрді. Бірақ мама дегеннің кім екенін де білмейді. Баланы әкесі қанша жерден "айналайын" десе де, шешесіне ешкім жетпейді", - дейді ол. 

Айтуынша, қазіргі уақытта бірінші кезекте отбасына үй керек. 

"Көз жасымыз тыйылмады... Екі қанаты болса, ендігіде бір қанаты жоқ сияқты болып қалды. Бес баланы бағып отырмыз. Апасы қарайды, мен көмектесемін, қараймын.

Қазір бізге үй керек. Кішкентай екі бөлме, от жақсаң жылы, едендері суық. Бес баламен балам ауруханаға жатып шықты. Балалар жыласа мен де жылаймын осылармен бірге. Кішкентаймыз анасын көрген де жоқ. Балалар анасын ауруханада деп ойлайды, қыздар кішкене біледі, себебі естері кірген", - дейді бес баланың әжесі. 


"Асырап алған қазақ қайта балалар үйіне апарып тастады": Жетімдер үйінің түлегі кімге өкпелі? 


Апа немерелері аналарын қатты іздейтінін, сағынып жүргендерін айтып, жылады.

"Жүр, ауруханаға барып келейік, анамызды көрейік дейді. Олар әлі үміттерін үзбей жүр. Анам келе ме екен деп, жалтақ-жалтақ есікке қарайды. Әдетте анасы ауруханада жатқанда сөмкесін көтеріп келетін. Солай деп, қазір кіріп қалады екен деп ойлайды. Мұндай қиыншылық басқа түскен соң бәріне көнеді екенсің", - дейді қайғы жұтқан әжей. 

Апа келінін балажан болған деп еске алады. 

"Келінім жақсы еді ғой. Мейірімді, жаман сөзін естімегенмін. "Мама, мама" деп, тамағымды пісіріп, шайымды дайындап беретін. Жақсы қыз еді. Оның жоқтығы қатты білініп тұр. Қайтыс болғанда жүргені, отырғаны бәрі көз алдыма елестейтін. Жанымызда жүрген сияқты. Қазір қалай жүрсем де, көз алдымда жүргендей. Пысық болған еді, балаларды жақсы көретін. Кішкентай немерем 7 жарым айында туды. Үлкен келінім қырқынан шыққанға дейін көмектесті. Қазір баламмен екеулеп жүріп шомылдырамыз", - дейді ол. 

Баланың да, ананың да қазіргі арманы - баспаналы болу. 

"Балама қиын болды, бес баламен жалғыз қалды. Мен тірі кезімде көмектесермін. Жасым да келіп қалды. Арманым осы балаларды өсіріп-өндіру, олардың өз шаңырағы болса, аяққа тұрса, кіші немерем Адель өссе бізге сол бақыт", - дейді Асқардың анасы. 

Қазіргі уақытта Асқардың отбасына "Я алматинец" еріктілер қоғамдастығы көмектесуде. 

Асқар Омаровқа көмектесем дегендерге 

Реквизиттер: Kaspi Gold 4400 4301 1560 0469, 87079766937

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр