Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Асырап алған қазақ қайта балалар үйіне апарып тастады": Жетімдер үйінің түлегі кімге өкпелі?

Шымкент тұрғыны Самат Бекебаев - Жетімдер үйінің түлегі. Мемлекеттің қолдауымен жас жігіт баспаналы болып, бүгінде оңтүстік шаһарда қызмет етіп жүр. Stan.kz тілшісі жас жігітпен байланысып, хәлін білді. Өз кезегінде Самат қоғамдағы өзекті мәселенің бірі тастанды балалар тақырыбына қатысты пікірін білдірді. 

Самат Бекебаев жетімдер санының артатынына алаңдаулы. 

"Әлемде не қауіпті десе, онда жетімнің көбейгені дер едім. Қазіргі таңда жетімдер санаты артып жатыр. Тіпті жетімдер балалар үйінде ғана емес, сондай-ақ, көшеде қоқыстарға тасталып жатыр", - дейді Бекебаев.

Айтуынша, қазақ жойылып бара жатыр. Оған, оның ойынша, адамдар жылулығының жоғалуы себеп болған. 

"Қызық, қарап тұрсаң күлкім келеді. Қазақ намысшыл дейді... Түбіне келгенде қазақ жойылып бара жатқан секілді. Әрине, бұған экономикалық дағдарыс пен жетіспеушіліктен бұрын адамдар бойында жылулық дефицит болып жатқан секілді.


"Мені неге тастап кеттің": Ақтөбеде жетімдер үйінде өскен жігіт анасын іздеп жүр 


Менің жеке пікірім жыл өткен сайын Қазақстанда жетімдер саны артады. Ал ата-анасынан айырылып қалған жетімді асырап алушылардың саны тіпті төмен. Оған үлкен себептің бірі - балалар үйі жабылып қалмау үшін және түрлі басшылық құрамы өз астындағы креслосынан айырылып қалмау үшін асырап алуға балаларды бермей жатқан сияқты. Сияқты емес, дәл солай", - дейді ол.

Самат Бекебаев қазіргі уақытта қатты ауырып қалғанын, емделіп жатқанын жеткізді. 

"Аз ғана өмірім қалды, тірі кезімде барлық ақиқатты айтып кетейін. Еуропаға асырап алып кеткен балаларды қарап тұрсам қуанам. Әттең, кішкентай кезімде мен де армандағанмын біреудің баласы болсам деп... Бірақ өкінішке қарай асырап алған қазақ қайта балалар үйіне апарып тастады", - дейді жас жігіт. 

Жас жігіт қоғамда "Жетімдер үйінде тәрбиеленгендер - "ұры-қары" деген теріс пікір бар дейді. 

"Балалар үйінің түлектерінің ақауы бар деген немесе ұры-қары деген қоғамдағы қағиданы жойғым келеді. Ол рас ақпарат емес. Балалар үйінде түрлі мықты-мықты, отбасын асырап, қоғамда өз орнын тапқан жандар деп айта аламын", - дейді Бекебаев.

Қазіргі уақытта кең таралған жетімдер үйлерінің толықтай жабылуына қатысты ойын Самат былай тұшымдады:

"Меніңше, балалар үйі жабылмайды және жабылады деген бос сөз. Бүгінде олардың артып жатқаны соншалық тірі жетімдер пайда болды. Әке-шешесі тірі, үйі-жайы бар болса да, балалар үйінде тәрбиленіп жатқандар бар", - дейді ол.

Айтуынша, егер басшылық қызметке келсе, көп нәрсені өзгертер еді. Тағдырластарын бақытты қылар еді.

"Меніңше, балалар үйін азайту үшін мені басшылық қызметке қою керек, 23 аптада бір балалар үйін жабар едім. Тағдырластарымды бақытты қылатын едім. Басшылыққа келген уақытта маған бір теңге төлемесе де болады. Миллиардтаған қаражатты жыл сайын бөліп, балаларды бақытты қыла алмаймыз", - дейді ол.

Жас жігіт балаға бақыт үшін аз нәрсе керек дейді. Ең бастысы - ата-ананың жанында болуы. 

"Есте сақтайық, балаға ақша немесе бір мансап керек емес. Оған жанында әкесі, анасы болса, осы да жетеді", - дейді Самат Бекебаев.
Талқылау