"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді

Алматыда "Көкжайлау шатқалында Almaty Superski тау курортын салу" бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Онда түрлі саланың 8 сарапшысы есеп беріп, жаңа курорттың ішкі және сыртқы туризмді дамытатынын, экономикаға оң әсерін баяндады. Сондай-ақ осыған дейін экобелсенділердің қарсылығына жауап беріп, Көкжайлауға зияны жоқ екенін түсіндіруге тырысты.
Бұған дейін бір топ экобелсенділер аталған жоба су тапшылығын тудырып, ауаны ластайтынын айтты. Сол себепті олар мұның құрылысын тоқтату керек деп мәлімдеген еді. "Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының өкілі Елена Ерзаковичтың сөзінше, тау курорттары жобалары оларды ластанған көзге айналдырмақ. Көкжайлау бойынша қоғамдық тыңдау құжаттарына сай, курортты пайдалану кезінде атмосфераға шығарылатын эмиссия көлемі бес есе артады: жылына 19 тоннадан 104,9 тоннаға дейін. Құрылыс кезеңінде бірнеше жыл ауаға шамамен 500 тонна ластаушы зат – шаң, азот, көміртек және күкірт оксидтері бөлінеді. Олар қалаға қарай түсіп, тау өзендерін ластайды.
Алайда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева туризмнің бүгінде экономиканың стратегиялық маңызды саласына айналып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион адам келді, ал ішкі туризм бойынша 10,5 миллионға жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 900 000 адамға көп.
"Бүгінде даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Жауапты мемлекет бір мезгілде табиғатты қорғап, инфрақұрылым құру, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қарастыруы керек", – деді Балаева.
Алматы тау кластерін дамыту жобалары бойынша қоғамдық тыңдауда Almaty Superski жобасы халықаралық стандартқа сай және жыл бойы жұмыс істейтіні айтылды. Жоба бойынша әртүрлі қиындық деңгейіндегі 60 км трасса салу көзделген. Сондай-ақ 17 заманауи шаңғы көтергіштері, 11 аспалы жолы болады.
Kazakh Tourism Development компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаевтың сөзінше, Шымбұлақта жүктеме өте үлкен, әрең жұмыс істеп тұр. Мәселе Шымбұлақ курорты 1 күнде 6000 адамға есептелген, дегенмен жүктеме кей күндері 15 000-нан да асып кетеді. Сол үшін күніне 15 мың туристі қабылдай алатын Almaty Superski жобасын дамытып, Алматының бірегей табиғи ресурстарын игеру қажет дейді.
“Курортқа балалар мен егде жастағылар, ерекше адамдар келе алуы үшін жасыл көліктер пайда болады. Тау тек тәжірибелі альпинистер мен спортшылар бара алатын мекен болмауға тиіс. Отбасылық демалыс, балалар спорты, салауатты өмір салтын дамытатын жер бәріне қолжетімді болғаны жөн. Қазір пандустар, қажет инфрақұрылым, демалыс орындары, ештеңе жоқ. Сол үшін тек жаттыққан адамдарға тиесілі сияқты. Тау бәріне тиесілі болғаны жөн”, – деді Еркінбаев.
Айтуынша, жер мемлекет меншігінде қала береді. Көкжайлау Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағынан алынбайды және ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін сақтайды. Сондай-ақ жеке коттедждер мен виллалар не қоршаулар салынбайды деп отыр.
Kazakh Tourism Development компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов елдегі туризмнің маңызына тоқталды. Биыл Қазақстанға 5 миллион турист келген, соның 3 миллионы Алматыда қыдырған.
Ол елімізге қай елдерден көп турист келетінін атады:
- Қытай;
- БАӘ;
- Үндістан;
- Түркия;
- Оңтүстік Корея;
- Еуропа елдері.
“Тау курорттарын көбейту арқылы одан да көп турист тартуға болады дейді. Онымен қоса көрші Қырғызстан, Грузия бәселесіп, тау курорттарын дамытып жатқанын және олардан қалмау керек. Almaty Superski жобасы Алматыны аймақтағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға және Қазақстанды халықаралық аренада тартымды етуге мүмкіндік береді”, – деді Ғазизов.
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Көкжайлау шатқалындағы тау курортына қарсы шыққандардың пікірін негізге ала отырып, кең тараған мифтерді талдады. Сөзінше, жоба қорқыныш пен бұрмаланған пікірлердің кесірінен ұзақ талқыға түсіп кетті. Ол көп сөзден нақты іске көшуге шақырады.
"Мұның талқыланып жатқанына 13 жыл өтті. Осы уақыт ішінде біз жобаға кіріспедік. Егер сол кезде іске көшкенде, қаржы 3-5 жылда өзін ақтап шығар еді. Ал не болды? Тауға шыққандар арасындағы өлім-жітім, жарақат алғандар, табиғаттағы қоқыс, тапталған жолдар, ластанған аумақтар", – деді ол.
Ол курорттың салдарынан ауа ластанады деген пікірге келіскен жоқ. Бұл “атомды реактор немесе цемент зауыты емес” деп отыр.
Сөзінше, Өзбекстан, Швейцария, Аустрияда тау курорттарын дамыту арқасында оқушылар шаңғымен тегін айналысады. Бізге де жобаны дамытса, қысқы спортқа көңіл бөлуге болады дейді.
"Бай туристер келеді, 20 мыңдай жұмыс орны ашылады. Бай туристердің арқасында біз көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және мүгедектігі барларға субсидиялар тартамыз”, – деді ол.
Мұхтар Тайжан өзін “нағыз алматылықпыз” деп бөлінетін тұрғындарға ескерту жасап, өзімшіл болмауға үндеді. Айтуынша, табиғи байлықтың қызығын барлық қазақстандық көруге құқылы.
“Нағыз алматылықтардың” Көкжайлауға жаяу көтерілуіне ешкім қарсы емес. Шлагбаумдар, қоршаулар болмайды. Бірақ сіздер де басқа азаматтардың Көкжайлауды көруіне тыйым сала алмайсыздар. Тауға жаяу көтеріле алмайтындар аспалы жолмен барып көрсін”, – деді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, Көкжайлауда курорт салу мәселесі Алматыда ондаған жылдар бойы талқыланып келеді. Осыған дейінгі жобалар 2015 және 2019 жылдары кейінге қалған. Соңғысында 50 мыңға жуық адам Көк-Жайлауда тау-шаңғы курортын салуға қарсы петицияға қол қойып, 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны жүзеге асыруға тыйым салған еді. Дегенмен былтыр премьер-министр Олжас Бектенов Көкжайлауда тау-шаңғы курортының құрылысы биыл басталатынын мәлімдеді.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз