Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина Ресейдегі Wildberries қоймаларына дронмен соққы жасады: сегіз адам зардап шекті

Wildberries қоймалары
Фото: Tatyana Makeyeva/AFP

Украина Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріндегі Wildberries логистикалық орталықтарына дронмен шабуыл жасады. Салдарынан қоймаларда ірі өрт шығып, сегіз адам жарақат алды. Киев бұл нысандардың әскери мақсатта пайдаланылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Украина Ресейдің Краснодар қаласы мен Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск қаласында орналасқан Wildberries логистикалық орталықтарына дрондармен соққы жасады. Шабуыл салдарынан екі қоймада да ірі өрт шығып, сегіз адам зардап шекті.

Компания басшысы Татьяна Кимнің мәліметінше, Краснодардағы қоймада үш адам, ал Ставрополь өлкесінің губернаторының айтуынша, Невинномысскідегі қоймада бес адам жараланған.

Краснодар өлкесінің жедел штабы дрон сынықтарының Краснодар қаласы мен Динская станицасындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлерге құлағанын хабарлады. Зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ Армавир қаласының әкімдігі бұл қаланың "ең ауқымды шабуылдардың бірін бастан өткергенін" мәлімдеді. Мәлімет бойынша, 16-дан астам дрон жергілікті мұнай базасына шабуыл жасап, салдарынан 800 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.

Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді. Марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – деді Татьяна Ким.

Ол өтемақы төлеу тәртібі, қолдау шаралары және оларды алу жолдары туралы толық ақпарат сатушылар порталында жарияланатынын айтты.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 12:44