Қазақстандық әнші 19 қарсыласын басып озып, "Славян базарында" жеңіске жетті

Қазақстандық әнші Ақерке Амалят Витебск қаласында өткен “Славян базары – 2026” халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Өнер иесіне диплом, арнайы мүсінше және 15 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
25 жастағы Ақерке Амалят вокалдық байқауда түрлі мемлекеттен келген 19 қатысушыны артқа тастап, бірінші орынды иеленді.
Әншінің айтуынша, халықаралық додаға дайындық алты айға жуық уақытқа созылған. Ал байқау сахнасына шығу үшін ол сегіз іріктеу кезеңінен өткен.
“Бұл – өте үлкен күйзеліс. Қанша мықты болып, өзіңді ұстай алсаң да, моральдық тұрғыдан ауыр. Сырт көзге екі ән айтып, сахнадан түсе салғандай көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында қаншама қобалжу мен қысым жатыр. Кейде адамның жүйкесі шыдамай қалуы да мүмкін”, – деді Ақерке Амалят.
Әнші шығармашылық ортада өсіп, бала кезінен сахнада өнер көрсетіп келеді. Ол Алматы музыкалық колледжін, кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған.
Байқауға Беларусь, Ресей, Түркия, Грузия және Германия елдерінің өнер мамандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы төрелік етті. Қазақстан атынан қазылар құрамына халық әртісі Әлішер Кәрімов енді.
“Ең бастысы – сахнада шынайы өнер иесі болу және өз болмысыңды жоғалтпау. Әншінің дауыс диапазоны аса кең болмауы немесе таңдаған шығармасы вокалдық тұрғыдан күрделі болмауы мүмкін. Бірақ ол үш минуттың ішінде әнді сезініп, көрерменге жеткізе білуі керек. Мен үшін басты өлшем – орындаушының даралығы”, – деді Әлішер Кәрімов.
Қазылар алқасының мүшесі Дмитрий Маликов та қатысушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.
“Біз әншінің таңдаған репертуары мен сахналық бейнесінің үйлесіміне назар аудардық. Сонымен қатар әртістің сыртқы келбеті, сахнадағы тартымдылығы мен өзін ұстауы да маңызды болды. Қатысушылардың барлығы лайықты әрі сенімді өнер көрсетті”, – деді ол.
Биылғы “Славян базары” Қазақстан үшін тағы бір жүлдемен есте қалды. Бұған дейін 13 жастағы Жасмина Түзелова балалар арасындағы вокалдық байқауда екінші дәрежелі лауреат атанған еді.
Алматыда каннибалдар жеті әйелді өлтіріп, олардың етінен тұшпара жасаған
Оқыңыз