Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"9 ай үнсіздік": Блогерлер Жанәбіловтер ұзақ үзілістен кейін желіге қайта оралды

Жанәбіловтер
Фото: Видеодан скриншот

Танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ұзақ үзілістен кейін видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогерлер әлеуметтік желідегі парақшаларында отбасылық жиналыстың кадрларын жариялады. Олар жазбасында кейінгі айларда күрделі кезеңнен өткенін айтты.

“9 ай үнсіздік. 4 ай әлеуметтік желіден тыс өмір. Осы уақыт ішінде көп нәрсе болды: соттар, уайым, отбасымызбен бірге еңсерген қиын кезең. Бірақ бүгін біз қайта оралдық”, – деп жазған олар.

Жанәбіловтер оқырмандарына қолдауы үшін алғыс білдірді.

“Жаңа күшпен, жаңа көзқараспен және осы кезеңде жазып, күтіп, қолдап, бізден теріс айналмаған әр адамға үлкен алғыспен оралдық. Сіздердің қолдауларыңыз бізге шын мәнінде демеу болды. Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет”, – деп жазды жұп.

Жарияланым аз уақыттың ішінде 300 мыңнан аса лайк пен көптеген пікір жинады.

Желі қолданушылары видео астына “Қайта оралуларыңызбен!”, “Сабақ алдыңыздар деп үміттенемін”, ”Жерге түскендей болдыңыздар. Мұның бәрі – сынақ, одан өткендеріңізге қуаныштымын. Отбасыларыңызға амандық тілеймін”, “Тағы да жалған лотерея өткізесіздер ме?”, “Отбасыңыз үшін қуаныштымын” деген пікірлер қалдырған.

Мән-жайы

Еске салайық, сәуірдің соңында Астанадағы сот Жанәбілов пен Төлегеноваға қатысты үкім шығарды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп танылды.

27 сәуірде сот Эльмира Төлегеноваға мүлкін тәркілей отырып, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.

Ерболат Жанабыловқа мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Бұған дейін прокурор қатаңырақ жаза сұраған еді, алайда сот процесінің соңында айыптаушы тарап жеңілірек жаза нұсқасына келіскен.

Сотталған блогерлерге не істеуге болады?

Заң тұрғысынан Ерболат Жанәбіловке блог жүргізуге тыйым салынбаған. Заңгер оның блогерлік қызметін жалғастыра алатынын, бірақ шартты жазаға байланысты бірқатар шектеуді сақтауға міндетті екенін түсіндірген еді.

Ол блог жүргізіп, контент жариялай алады, жарнама берушілермен жұмыс істеуіне, жұмыс істеуіне және оқуына рұқсат.

Алайда ол сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйде болуы керек, жұмысына қатысы болмаса, ойын-сауық орындарына бармауға тиіс, тұрғылықты жері немесе жұмысы өзгерсе, хабарлауға міндетті. Сонымен қатар шетелге шығуына шектеу бар.

Пробациялық бақылау 2 жылға созылады. Егер талаптар бұзылса, шартты жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Эльмира Төлегенованың жағдайы

Эльмира Төлегеноваға қатысты құқықтық режим бөлек. Кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, оның жазасын орындау 2 жылға кейінге қалдырылған.

Оған жеңілірек талаптар қойылады: жүріп-тұру уақытына шектеу жоқ, блог жүргізіп, жұмыс істеуіне болады, кез келген орынға баруға рұқсат.

Дегенмен қоғамдық тәртіпті бұзса немесе ата-аналық міндетін тиісінше орындамаса, жазаны кейінге қалдыру туралы шешімнің күші жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы орындалуы ықтимал.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 15:50