"Біздің қателігімізді қайталамаңыздар": Жанәбіловтер сот үкімі шыққаннан кейін қазақстандықтарға үндеу жасады

Күні кеше ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот аяқталды. Блогерлер үкім жарияланғаннан кейін сотқа, прокуратураға және қазақстандықтарға алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеоны олардың адвокаты Гауһар Айтжанова жариялады. Ол “сот процесі ақыры аяқталды” деп мәлімдеді.
Ал блогерлер өз қателіктерін түсінгенін айтып, өзгелерді мұндай әрекетті қайталамауға шақырды.
“Біз сотқа, қабылданған шешім үшін прокуратураға алғыс айтқымыз келеді. Сондай-ақ бейжай қарамай, қолдау білдірген, бізге деген ықыласы мен сүйіспеншілігін сездірген барша отандасымызға рақмет айтамыз. Туыстарымыз сіздердің тілектеріңізді оқып, бізге жеткізіп отырды. Тіпті Гауһар Алтынбекқызы да үнемі “Жұрттың бәрі сіздерді қолдап жатыр” деп айтып жүрді. Біз өз қателігімізді түсіндік. Мұны қайталамаңыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз”, – деді Эльмира Төлегенова қазақстандықтарға үндеуінде.
Ерболат Жанабылов та қолдау білдіргендердің бәріне алғыс айтты.
“Барлық оқырманға және бізді қолдаған жандарға көп рақмет”, – деді блогер.
ОқыңызІстің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған.
Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жылға шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды