Жанәбіловтер жеңіл жаза алу үшін 247 миллион теңге төледі, тағы 100 миллион теңгеден астам мүлкі тәркіленді

Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі аясында шамамен 250 миллион теңге төледі. Ақпаратты сотта прокурор Олжас Хайруллаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушылар мүліктік залалды өз еркімен өтегенін айтты. Оның сөзінше, 247 653 229,5 теңге толық төленген.
Прокурор сондай-ақ сотталушылардың процестік келісім жасау туралы өтінішін қолдады. Яғни, айыпталушылармен келісімге келуге қарсы емес екенін білдірді. Олжас Хайруллаевтың айтуынша, бұл шешімді қабылдау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескерілген.
“Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларға олардың тәрбиесінде 10, 6 және 5 жастағы үш кәмелетке толмаған баланың болуы, қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі, кінәсін мойындауы және сотта шын жүректен өкінуі жатады”, – деді прокурор.
100 миллион теңгенің мүлкі тәркіленді
Сондай-ақ сот блогерлер Жанәбіловтердің қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркіледі. Олардың қатарында он жеті iPhone 16 смартфоны мен 8 Hyundai Elantra автокөлігі бар. Алдын ала есеп бойынша, тәркіленген мүліктің жалпы құны 100 миллион теңгеден асады.
Шамамен нарықтық бағамен алғанда, бір iPhone 16 смартфонының құны 500 мың теңге шамасында, ал Hyundai Elantra автокөлігінің орташа бағасы шамамен 12 миллион теңге.
Осылайша, тәркіленген мүліктің жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асып отыр.
ОқыңызІстің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған.
Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жылға шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек