Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Жанәбіловтің 2 жылға сотталған жары амнистияға ілігуі мүмкін бе: Адвокат мән-жайды айтты

блогер
Фото: instagram/zhanabylov_e

Блогер Жанәбіловтердің адвокаты Гаухар Айтжанова сот үкімінен кейін істің мән-жайын түсіндіріп, қорғау тарапының ұстанымын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Адвокаттың айтуынша, процестік келісім бір күнде қабылданбаған, бірнеше күн бойы талқыланған.

“Біз бұл шарттарды бірнеше күн талқыладық. Жұмадан бастап процестік келісімнің талаптарын қарастырдық. Бұл бізге ұсынылған шарттар және біз соған келістік”, – деді Айтжанова.

Амнистияға ілігуі мүмкін бе?

Оның сөзінше, алдағы уақытта амнистия жарияланса, жаза жеңілдеуі мүмкін.

“Қазір бәріміз амнистияны күтіп отырмыз. Жоба әзірге жарияланған жоқ, сондықтан нақты айту қиын. Бірақ әдетте экономикалық істерде, егер залал өтелсе, жаза қысқаруы мүмкін. Мысалы, үштен біріне немесе төрттен біріне азаяды. Кей жағдайда толық босату да болуы мүмкін”, – деді адвокат.

Адвокаттың үкімге көзқарасы

Айтжанова үкім нәтижесіне қатысты да пікір білдірді.

“Мен үшін ең маңыздысы қорғауымдағы адамдардың бостандықта жүргені”, – деді ол.

Көліктерге қатысты түсіндірме

Адвокат тәркіленген көліктерге байланысты да түсініктеме берді.

“Бұл көліктер жеке пайдалануға арналған емес. Олар арнайы ұтыс үшін сатып алынған. Көліктер Zhana business ЖШС балансында болған”, – деді ол.

Оның айтуынша, тәркілеу де сол ұйымға қатысты жүргізілген.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. 

27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады. 

Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған.

Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жылға шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды.  

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 17:59