"Бір оқиғаға қарап барлық оқушыны кінәлауға болмайды": Алматы облысындағы оқиғадан кейін министр ұстаздардың мәртебесі туралы айтты

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте оқу-ағарту министрлігі Алматы облысы Қарасай ауданында оқушының мұғалімге қол көтеруі қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырғанын айтты. Журналистер министрден ұстаздардың қоғамдағы беделі мен қауіпсіздігін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр Жұлдыз Сүлейменов ұстаз мәртебесі Қазақстанда заңмен бекітілгенін еске салып, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда құзырлы органдар жағдайды жан-жақты тексеріп жатыр.
"Аталған даулы оқиғаға байланысты оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан бұл мәселені құзыретті органдар егжей-тегжейлі тергеп жатыр. Жалпы бүгінде ұстаздардың айлық жалақысын көтеру, артық жүктемесін азайту бойынша министрлік жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр", – деді министр.
Сондай-ақ журналистер ұстаздарға құрметті арттыру мәселесін көтеріп, бұрын оқушылар мұғалімнен именетінін, ал қазір кейбірі қол көтеруден де қорықпайтынын айтты.
Министр мұндай жағдайды жалпылауға болмайтынын жеткізді.
"Бұл әркімнің тәрбиесіне байланысты мәселе. Бір ғана оқиғаға қарап, барлық 420 мың ұстазға немесе 3,9 млн оқушының бәрі солай қарайды деу қисынсыз. Бүгінде оқушылар ұстаздарға құрметпен қарайды. Заңда ұстаздардың жауапкершілігі тек сабақ барысында жүктелетіні де нақтыланған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады", – деді ведомство басшысы.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде оқушының мұғалімді соққыға жыққаны түсірілген видео тарады. Полиция мәліметінше, оқиға биыл қаңтар айында Қарасай ауданы Шамалған ауылында болған. Кадрлардан ересек ер адам мен жасөспірімнің төбелесіп жатқанын көруге болады. Алматы облыстық полиция департаменті 20 қаңтар күні ер адамға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Полиция соттан кейін материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жолдануы мүмкін екенін айтады. Ол жерде оқушыны профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасының әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
"Макияж жасаса, күйеулері де ажырата алмайды": Егіз ағайындыға тұрмысқа шыққан егіз қыздар өмірлері туралы айтты
Оқыңыз