Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биел елде 239 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады

ұлттық бірығай тестілеу
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Үкімет отырсында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 239 мыңнан астам адамның тіркелгенін мәлімдеді. Оның ішінде 200 мыңға жуығы биылғы мектеп түлектері. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр Саясат Нұрбек жалпы жоғары білім беру жүйесі оқу жылын тұрақты режимде аяқтағанын атап өтті.

"Бүгінгі таңдағы басты міндет – жоғары білімнің қолжетімділігін ғана емес, сонымен қатар экономиканың, өңірлік даму мен еліміздің технологиялық трансформациясының қажеттіліктеріне тікелей байланысты кадрлар даярлауды қамтамасыз ету", – деді Саясат Нұрбек.

Министр 2026 жылы оқуды 215 мыңға жуық оқушы аяқтайтынын айтты. ҰБТ-ға қатысуға 239 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде өткен жылдар мен колледждердің түлектері бар. Ал 200 мыңға жуығы биылғы түлектер.

Бүгінде ҰБТ өткізу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар үйлестірілген.

Барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, жоғары оқу орындары мен білім басқармаларының қатысуымен мемлекеттік комиссиялар құрылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырдан 10 шілдеге дейін өтеді.

"Биылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер екі рет тестілеуден өтіп, үздік нәтижемен гранттар конкурсына қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушылар дұрыс және бұрыс жауаптар туралы ақпаратты ғана емес, сонымен қатар нәтижелердің толық талдауын ала алады", – делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинап, ерекше сыйлыққа ие болғаны хабарланған еді. Білім беру орталығы оған бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының бірін таңдауды ұсынған. Кейін артынша Түркістан қаласындағы жекеменшік мектептің екі түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары нәтиже көрсетті. 11 "Д" сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев ҰБТ-дан 140 балл жинаған. Екеуі де дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған. Сондай-ақ халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл алған. Жасур қаңтар айындағы ҰБТ-да 120 балл, наурызда 128 балл жинаса, мамырдағы негізгі тестілеуде нәтижесін 140 балға жеткізді. Ал Айсұлтан бұған дейін қаңтарда 125 балл, наурызда 128 балл алған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 10:55