Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларды өртеніп жатқан пәтерден алып шығып, жөнімен кеткен: Ерлік жасаған павлодарлық іздестіріліп жатыр

Өрт балалар Павлодар
Фото: Видеодан скрин

Павлодарда өрттен үш баланы алып шыққан белгісіз батыр іздестіріліп жатыр. Ер адам көмектесіп, кейін өз жұмыстарымен кетіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кеше күндіз тоғыз қабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы үш бөлмелі пәтерден өрт шықты. Өрт балконға таралып, улы түтін бөлмелерге жайылған.

Сол сәтте үйде үш бала болған. Ең кішісі небәрі 4 жаста, ал үлкендері – 8 және 9 жаста. Олар қатты жылап, көмекке шақырған.

Айқайлаған дауысты кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам естіп, жанып жатқан пәтердің есігіне қарай жүгірген. Алайда балалар есікті аша алмаған. Сол кезде ол көршілермен бірге самокаттың тұтқасымен құлыпты бұзып, есікті теуіп ашқан. Ер адам қорқып қалған балаларды пәтерден алып шығып, кейін өз шаруасымен кетіп қалған.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды сөндіріп, енді ерлік көрсеткен азаматқа алғыс айтқысы келетінін жеткізді. 

Дәрігерлер балалардың жағдайы жақсы екенін растады.

"Өрт сөндірушілер келгенге дейін балаларға өтіп бара жатқан ер адам көмек көрсетті. Ол тоғызыншы қабаттағы балконнан шыққан түтін мен отты байқап, кейін балалардың көмек сұрап айқайлағанын естіген. Үй тұрғындарымен бірге қолда бар құралдардың көмегімен кіреберіс есігінің құлпын бұзып, пәтерді ашқан. Іште үш бала болған", — деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылауы басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаров.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 10:51