Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схема әшкереленді

құрылыс алаяғы
Фото: freepik.com

Алматыда күдіктілер құрылыс компанияларына жалған жұмыс тәжірибесін рәсімдеп беріп, тендерлерге заңсыз қатысуға мүмкіндік жасаған. Қылмыстық табыс 490 млн теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтыққа қатысты тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында "КазСтройОпыт LTD" компаниясының басшысы құрылыс фирмаларына жалған жұмыс тәжірибесін жасап бергені анықталған. Яғни, кей компаниялар шын мәнінде орындамаған құрылыс жұмыстары бойынша құжаттарды "Электрондық депозитарий" жүйесіне енгізіп отырған. Соның арқасында олар мемлекеттік тендерлерге қатысып, заңсыз артықшылық алған.

Бұл қызмет әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жарнамаланған. Қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының кейбір қызметкерлеріне жалған тәжірибені растағаны үшін ақша жеткізіп отырған делдалдар анықталған.

Тергеу мәліметінше, заңсыз табысты жасыру үшін күдіктілер бірнеше компанияны пайдаланып, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Қылмыстық жолмен тапқан табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан. Тергеу кезінде жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Олардың материалдары тексеру үшін тиісті органдарға жолданған. 

"Қазір үш күдікті қамауға алынған. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. ҚМА мұндай заңсыз әрекеттер адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарды жеңіп алуға мүмкіндік беретінін айтады. Соның салдарынан сапасыз жобалар көбейіп, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер әділетсіз жағдайға тап болады", – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында бір топ адамның жалған шот-фактура жасап, ірі көлемде салықтан жалтару схемасын ұйымдастырғаны хабарланған еді. Тергеу мәліметінше, олар ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілді деген жалған құжаттар рәсімдеп, серіктес компаниялардың салық төлеуден жалтаруына көмектескен. Заңсыз айналымға түскен қаржы көлемі 356 млн теңгеге жетіп, мемлекетке 91 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 10:18