Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндер саны күрт азайды

қашықтан жұмыс істеу
Фото: cloudav.ru

Finprom Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда бір жылда қашықтан жұмыс істейтіндердің саны 35% қысқарғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылдың бірінші тоқсанында елде қашықтан жұмыс істейтіндер саны 29,8 мың адамды болған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде олардың саны 45,9 мың болған. Осылайша бір жылда 16 мыңнан астам адам қашықтан жұмыс форматынан кеткен. Сарапшылар мұндай өзгеріс еңбек нарығындағы жағдаймен қатар, статистикалық есептеу әдістерінің өзгеруіне де байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

Алматы облысында қызметкерлердің саны біршама азайған. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында өңірде 11,8 мың қашықтан қызметкер болса, биыл бұл көрсеткіш небәрі 889 адамға дейін азайған. Ал қашықтан жұмыс істейтіндер саны бойынша Маңғыстау облысы көш бастады – 7,4 мың адам. Одан кейін Алматы қаласы (4,2 мың) және Түркістан облысы (3,9 мың) орналасқан.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда қашықтан жұмыс үлесінің аз болуына өнеркәсіп, құрылыс, сауда және өндіріс секілді салалардың басымдығы әсер етеді. Бұл бағыттарда онлайн форматта жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі.

HeadHunter Kazakhstan платформасының мәліметінше, 20 мамырдағы жағдай бойынша жарияланған 36,3 мың вакансияның тек 1,7 мыңы немесе 4,5%-ы ғана қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берген.

Қашықтан жұмысқа арналған вакансиялардың басым бөлігі IT саласына тиесілі. Мұнда бағдарламашылармен қатар техникалық қолдау мамандары мен IT-қызметтерді сату менеджерлері сұранысқа ие.

Екінші орында бизнес қызметтері саласы, ал алғашқы үштікті бөлшек сауда саласы түйіндейді. Қашықтан жұмысқа арналған вакансиялардың шамамен 77%-ы Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл қалаларда көбіне сату менеджерлері, техникалық қолдау қызметкерлері және IT мамандары ізделеді.

Ал мұндай вакансиялар ең аз тіркелген қалалар қатарында Жезқазған, Қызылорда, Түркістан және Көкшетау бар. Бүгінде ең сұранысқа ие қашықтан мамандық – сату менеджері. Мамыр айында мұндай 290 вакансия жарияланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен біріне көп. Бұл саладағы орташа жалақы 501 мың теңгеден асқан. Сондай-ақ маркетологтар, контент мамандары, дизайнерлер мен техникалық қолдау қызметкерлеріне де сұраныс жоғары болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұған дейін де Enbek.kz деректері бойынша жоғары жалақы көбіне авиация, геология, IT және өндіріс саласындағы басшылық лауазымдарға ұсынылатыны айтылған еді. 2025 жылғы қараша қорытындысы бойынша ең жоғары жалақы ұшқыштарға орта есеппен 1,9 млн теңгеге дейін, ал IT бөлім басшылары мен бас геологтарға шамамен 1,2 млн теңге деңгейінде белгіленген. Сонымен қатар еңбек нарығында дәстүрлі түрде мейіргер, санитар, тәрбиеші және жүргізуші сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары болып отыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 10:28