Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5,3 мың оқушы жазғы маусымда жұмысқа орналасқан: Еңбек министрлігі қанша жастағылар жұмыс істей алатынын түсіндірді

официант оқушылар
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жасөспірімдер көбіне сауда, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады.

Ол еңбек қызметіне рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалардың саны 1,7 миллион адам болатынын атап өтті.

Министрліктің ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес бүгінде 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылған.

"Олардың ең көбі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтерін ұсыну, сондай-ақ тамақтану салаларында жұмыс істейді, яғни жасөспірімдер жиі алғашқы еңбек тәжірибесін алатын бағыттар. Мамандықтарға бөлсек, бұл көгалдандыру жөніндегі жұмысшылар, курьерлер, даяшылар, сатушы-кеңесшілер, аспаздардың көмекшілері, аниматорлар және тағы да басқалар", – деді Асқарбек Ертаев.

Сонымен қатар Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға қатысты талаптар күшейтілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Еңбек кодексі мен міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізу пысықталып жатыр.

Министрлік жаңа өзгерістер балалардың қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

"Кәмелетке толмағандардың жазатайым оқиғалардан қорғалуын күшейту, соның ішінде міндетті сақтандыру жүйесін енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ жұмыс берушілердің жауапкершілігі артып, жасөспірімдердің қандай жұмыс түрлеріне тартылуына болатыны және болмайтыны нақты айқындалады", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Министрдің айтуынша, өзгерістер халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес әзірленіп жатыр. Сонымен қатар елімізде кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуына цифрлық форматта мониторинг жүргізіліп, тәуекелі жоғары салалардағы бейресми еңбек бақылауға алынады.

Еске салайық, биыл Enbek.kz порталында 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған арнайы бөлім іске қосылды. Онда курьерлік қызмет, қоғамдық жұмыстар, лагерьдегі көмекшілік, көгалдандыру секілді жасөспірімдерге лайық бос жұмыс орындары жарияланады.

Жаңа бөлімнің басты ерекшелігі барлық жұмыс ресми еңбек келісімшарты арқылы ұсынылады. Бұл жасөспірімдерді заңсыз еңбек пен төленбеген жалақыдан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар еңбек кодексіне сәйкес, 14-16 жастағылар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. 14-16 жас аралығындағы оқушылар жұмысқа орналасу үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімін ұсынуы қажет.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 11:45