Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елена Рыбакина Пекиндегі жеңілістен кейін үзіліс алатынын айтты

Елена Рыбакина үзіліс
Фото: instagram.com/lenarybakina

Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Пекиндегі WTA 1000 санатындағы China Open турнирінің екінші айналымында күтпеген жеңілісі және алдағы жоспары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Рыбакина турнирде әлемнің бірінші ракеткасы ретінде дебют жасап, Арменияның 118-ракеткасы Алина Чараевамен кездесті.

Бірінші сетте Рыбакина 6:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда кейінгі екі сетте Чараева басым түсіп, 6:4 және 6:3 есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 12 минутқа созылды.

"Корттағы ойын өте ауыр өтті. US Open турниріндегі жеңістен кейін көп жағдай болды, салдарынан дұрыс ұйықтап, қалыпқа келуге уақыт болмады. Алинаны жеңісімен құттықтаймын, ол керемет матч өткізді. Ойынның соңына қарай аяғымда аздап жайсыздық болдық. Сондықтан қалпыма келу үшін үзіліс жасап, алдағы бірнеше аптадағы жарыс кестем қалай болатынын қарауым керек. Барлық жанкүйерлерге қолдаулары үшін рақмет. Келесі жылы Пекинде кездескенше", – деді Елена баспасөз мәслихатында.

Қазақстандық теннисші бір апта демалып, содан кейін жарыстарға қайта оралуды жоспарлап отыр. Айтуынша, бір апта демалып, аяғы толық қалпына келеді деп үміттенетінін жеткізді. Сондай-ақ  2026 жылғы маусымды аяқтау үшін қалған турнирлерде өнер көрсетуді жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. US Open турнирінің финалдық кездесуінде қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Кездесу Рыбакинаның жеңісімен аяқталды — 6:4, 5:7, 6:2. 

Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена 12 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Осылайша Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды.

Нью-Йорктегі бұл титул Елена үшін жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ болды. Қазақстандық теннисші осы санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 04 Қазан, 2026 13:12