Дәрігерлердің қателіктері үшін қазақстандықтарға 500 миллион теңгеден астам өтемақы төленді
Қазақстанда соңғы екі жылда науқастар мен олардың отбасыларына медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру аясында 502,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемдері жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы" заң 2024 жылғы қазанда күшіне енді.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Оның ішінде 155 856-сы мемлекеттік медициналық ұйымдарда, тағы 22 440-ы жекеменшік ұйымдарда жұмыс істейді.
2026 жылдың басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасып, 112 төлем жүзеге асырылды.
Бұл тетік медициналық көмек көрсету кезінде науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені расталған жағдайда сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлері де қаржылық жағынан қорғалады: егер дәрігердің жұмысына байланысты пациентке зиян келіп, өтемақы төлеу қажет болса, бұл ақшаны сақтандыру компаниясы төлейді.
Сақтандыру медициналық ұйымның қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал сақтандыру жағдайы туындаған кезде белгіленген шектерде төлемді сақтандыру компаниясы жасайды.

Егер пациент немесе оның заңды өкілі медициналық көмек көрсету барысында өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілді деп есептесе, медициналық ұйымға жүгіне алады. Істі тәуелсіз сараптамалық комиссия қарайды. Оның құрамына бейінді мамандар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Бұл ретте қаралып отырған жағдай орын алған медициналық ұйымның қызметкерлері комиссия құрамына енгізілмейді.
"Сарапшылар медициналық құжаттар мен медициналық көмек көрсету жағдайларын зерделейді. Сақтандыру жағдайы расталған кезде пациентке немесе оның өкіліне төлемді сақтандыру ұйымы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. Пациент бұл соманы тікелей медицина қызметкерінен өз бетінше өндіріп алуға міндетті емес", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Осылайша, егер дәрігердің кінәсінен науқасқа зиян келтірілгені дәлелденсе, науқасқа сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді. Ал дәрігер бұл ақшаны өз қалтасынан төлемейді.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы